Арнаулы экономикалық аймақ: басымдықтар һәм мүмкіндіктер Қарағандыда экономикалық аймақтар таныстырылды

    Қазақстанның әр аймағында құрылған 11 Арнайы экономикалық аймақ инвесторларға тартымды ұсыныстар жасауда. Заманауи инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер және рәсімдеуде аймақтар инвесторларға барынша жеңілдіктер қарастырған.  Атап айтқанда, Арнаулы экономикалық аймағына қатысушы корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан босатылады, оған қоса, АЭА аумағында АЭА-ны құру мақсаттарына сәйкес келетін қызмет ету барысында толығымен пайдаланылатын тауарларды сатуға қосымша құн салығы нольдік мөлшерлемемен салынады. Бүгінде еліміздегі бұл аймақтарда 387 қатысушы болса, оның 280-і жүзеге асырылған. 107-сі жүзеге асуда. Әлі  де өзінің игеруін күткен жобалар баршылық. Минералдық-шикізаттық базасы, импортты алмастыруға мүмкіндік беретін өндірістерді ашуға сұраныс бар, енді инвесторлар қажет. Бұл туралы әлеуетті инвесторларға еліміздің Арнайы экономикалық аймақтарын таныстырған  форумда баяндалды. Форумды Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы ұйымдастырды.

Форумға жапониялық делегация және Қазақстандағы ірі халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты. Шетелдік қонақтар қазақстандық әріптестерімен жақын танысу мақсатында келген. Жапония делгациясының басшысы ROTOBO Ресей және ТМД экономикасының ҒЗИ директоры Мики Вадзима ханым екі ел арасында сауда-саттық саласының жақсы қалыптасқанын, алайда, инвестициялық серіктестіктің айтарлықтай жолға қойылмағанын айтады. Оның ойынша, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті  зор. Ал, Жапония бұл әріптестікті дамытуда өздеріне ыңғайлы бағыт – экология және сумен қамтамасыз етуді таңдап алыпты.

Мики ВАДЗИМА, ROTOBO Ресей және ТМД экономикасының ҒЗИ директоры:

Қазақстан – инвестициялық әлеуеті зор ел. Жапония мен Қазақстан арасында сауда саласында өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Бұл бағытта көрсеткіш 9 есеге өсті. Дегенмен, инвестициялық серіктестік ондай деңгейде емес.  Біз инвестициялық серіктестік орнату үшін басым бағыттарды таңдадық. Біз үшін ол  – сумен қамту, суды тазарту саласындағы экология мен технология. Бұл кездесу қазақстандық әріптестермен етене танысуға, өзара тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров таныстырды. Бүгінде аталған аймақта металлургия өнеркәсібіне, дайын металл бұйымдары, агрегаттар, құрал-жабдықтар, көлік құралдары, тіркемелер секілді техникалық бұйымдарды дайындауға, химия өнеркәсібі өнімін шығаруға, құрылыс материалдарын өндіруге басымдық берілген. Қазіргі таңда аймақта 6 жоба әрекет етсе, 5 жоба жүзеге асыру сатысында. Инфрақұрылымы 100 пайыз дайын.

Алмас АЙДАРОВ, облыс әкімінің орынбасары:

«Сарыарқа» аймағының артықшылығы неде? Ең бірінші – Қарағандының инвестициялық әлеуеті. Атап айтқанда, индустриялдық алаң, шикізаттың жақындығы және инвестицияда маңызды болып табылатын – арзан электр энергия. Қазір біз әрбір жекелеген қатысушыға 500 мегаВатқа дейін бір сәтте электр қуатын беруге дайынбыз.

Қарағандыда инвесторлар қызығушылығын турдыратын 100-ге жуық сала анықталған. Оның барлығы дерлік импорттан келетін материалдарды өзімізде шығаруға негізделген. Қатысушы үшін жоғарыда аталған жеңілдіктерден бөлек  рәсімдеу ісі де оңайлатылған. Дәлірек айтқанда, 30-40 күн мұғдарында арнаулы экономикалық аймаққа қатысушы-инвестор құжатын толық рәсімдей алады. Қарағанды аймағында инвесторлар үшін  тау-кен техникасын, ауыл шаруашылығы құралдарын, трактор өндірісі және оның бөлшектерін, лифт өндірісі мен кокс концентраттарын, қаптамаларға қажет болатты жолақтар шығаратын өндіріс алаңы бос.

 Біржан ҚАНАШЕВ, «Kazakh Invest» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Біз арнаулы экономикалық аймаққа және индустриалды аумақтарға арналған мұндай форумды алғаш рет ұйымдастырудамыз. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу және инвестор іздеуге көмектесу.  Бүгінгі форум республикамыздың арнаулы экономикалық аймақты басқару компаниялары,  құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан да, әлеуетті отандық және шетелдік инвесторлар жағынан да тікелей келісім жүргізуге арналған алаң болып табылады.

Сондай-ақ, форумда Қазақстанның АЭА электронды интерактивті картасының сынама түрі таныстырылды. Ол қарағандылық «Сарыарқа» АЭА негізінде құрылған. Картада қолжетімді, бос жер телімдері, компаниялардың байналыс мәліметтері келтірілген. Интерактивті база инвестициялық жобаның жүзеге асу деңгейін және инфрақұрылымдар құрылысының кезеңдерін көруге мүмкіндік береді. Шетелдік қонақтарға Алматы, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қалаларының АЭА-лары таныстырылды. Сонымен қатар, «Сарыарқа» АЭА-да жүзеге асырылған сәтті жобалардың бірі – «RecyclingCompany» ЖШС-нің ескі көліктерді жоюмен айналысатын зауыты көпшілік назарына ұсынылды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.