Жаңалықтар

Арманы Орындалған АНА

          Жарық дүниеде ғасырға жуық өмір сүріп, 98 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанған Нығматулиндер әулетінің  отанасы, берекесі мен мерекесі, асыл анасы – Зейнеп Кариева апайымыздың өмірден өткеніне 40 күн толды.

«Дүние – жалған». Өмірдің заңы осы. Оны мойындау артында қалған біздерге парыз.

Бірақ та, қанша мойындағаныңмен, қанша шүкіршілік еткеніңмен, жүрек түбіне берік орнап, санаңда өшпестей  із қалдырып кеткен асыл жанды іздемей, сағынбай тұра алмайды екенсің. 

Бүтін бір әулеттің алтын арқауындай болып,  аппақ орамалы мейірімді жүзіне жарасып, аялы алақанымен ақ батасын төгіп отыратын аяулы ананың төрдегі орны  ойсырап тұрады екен.

Осынау асыл бейнені тағы бір көрсем, даусын естісем деп аңсайды екенсің.

Себебі, Зейнеп апа жай адам емес еді. Ақылына көркі сай парасатты, білімді, қарапайым, жаны да, тәні де сұлу, тәрбиесі мен тағылымы мол, ерекше жаралған жан еді.

Көп жылдар білім саласында жұмыс істеген азамат ретінде, Ректор ретінде бейнелеп айтсам, ол кісі «классикалық» жоғары білім алған жоқ. Университет пен академияны да бітірген жоқ. Бірақ, Зейнеп апамызды «өмір мектебін» үздік бітірген, жалпақ жұртқа танымал, шынайы «Өмірдің Академигі, Профессоры» деп айтуға болатын еді.

Зейнеп апайымыз Зайролла ағамызбен үлкен өмір мектебінен өтті. Екеуі де тағдырдың небір қиын кезеңдерінде аштықты да, соғысты да көрді, соғыстан кейінгі қиыншылықтар да бастарынан өтті.

Бірақ, олар барлық қиыншы­лық­тарды жеңе білді. Тағдырдың дауылы мен боранына, нөсері мен жаңбырына қарсы тұрып, алға қарай шыңдалды, алға қарай шынықты.

Өздері туып-өскен Қарағанды жұрты, алыс-жақындағы көз көрген, құлақ естіген ағайын қызығып, айтып жүретін ерліктер жасады, мәңгі өшпейтін естеліктер қалдырды.

Зайролла ағамыз қан майданда қайтпас қайсарлығымен ерлік туын көтерсе, Зейнеп апамыз еш­бір қиыншылыққа бой бермей, батылдығымен үлкен әулеттің туын желбіретті.

Зейнеп анамыз Зайролла атамызбен бірге 60 жылдан астам отасты. Екеуі ауыр жылдардың қиын­дығын бірге көтере жүріп, 7 баланы дүниеге әкелді. Баланы өмірге әкеліп, одан әрі баптап, тәрбиелеп жеткізу ол деген – әрине, анаға жүктелген ең үлкен міндет екені сөзсіз.

Зейнеп апамыз, дәл осы міндетін зор абыроймен атқарды. Балаларының әрқайсысын қырандай баптап, мәпелеп өсірді.

Үлкен жүректі ана, өзі көрген қиындықты балаларым көрмесін деді ме, бауырына басқан балапандары ұядан ұшқанша, жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Күн-түн демей еңбек ете жүріп, бала тәрбиесімен айналысты.

Өмір берді, өнеге көрсетті, бі­лімдері мен тәрбиелеріне аянбай кірісті.

Ақырында Алла асыл ананың тілегін беріп, арманына жеткізді. Балаларының барлығы да қияға қанат қағып, биікке самғады. Бүгінде бүкіл ел білетін, мемлекет ісіне белсене араласып жүрген танымал тұлғаларға айналды.

Атап айтсақ, Нұрлан және Ерлан Нығматулиндерді білмейтін адам аз шығар. Екеуі де алғырлықпен, білімділікпен, кішіпейіл, еңбекқорлықпен Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың көңілінен шығып, жас мем­лекетіміздің қалыптасуына өз үлес­терін қосу үшін Тәуелсіздіктің ал­ғашқы күндерінен-ақ ел жұмысына белсене араласты.

Мақсатқа берік, еңбекке адал, уәдеге нық, тура мінез, шебер ұй­ымдастырушы Нұрлан Зайроллаұлы егемен елдің абыройын ас­қақтату жолындағы Президен­ті­міздің әрбір тапсырмасын, әрбір бастамасын жоғары деңгейде орындап келеді.

Елбасының көреген және дана саясаты мен батыл қадамдарынан үлгі ала жүріп, бүгінгі күні ең сенімді серіктерінің біріне айналды. Елдің, халықтың жүгін үлкен жауапкершілікпен көтере білетін саяси қайраткер, қазіргі уақытта елдегі жоғары заң шығарушы орган Парламент Мәжілісінің Төрағасы.

Ал, Ерлан Зайроллаұлы қоғам қайраткері, бірнеше мәрте Парламент Мәжілісінің, Сенатының депутаты болды, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, бү­гінде білікті кәсіпкер.

«Арпа ішінде бір бидай», – демекші жалғыз қыздары Мархаба Зайроллақызы көп жылдар бойы сауда және бизнес саласында қызмет етіп келеді. Ал, Арыстан Зайроллаұлы – адам өміріне араша түсетін ақ халатты абзал жан, медицина ғылымының кандидаты атанса, Арғын Зайроллаұлы – техника ғылымының кандидаты, ұзақ жылдар кен өндірісі саласында қызмет еткен облыстық мәслихаттың депутаты, бүгінгі күні Сарыарқа хоккей клубын басқарып отыр және Арын Зайроллаұлы – өз қабілетін шеберлікпен дәлелдей білген, білікті қаржыгер. Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрқайсысы «кірпіш дүниенің, кетігін тауып қаланып», еліміздің әр саласында өз үлестерін қосып жүр.

Міне осылай, «жастық шақта бейнет берсең де, қартайғанда зейнет бер», – дейтін Зейнеп апайымыздың ақжарма тілегі артығымен орындалып, балаларынан немере, шөбере сүйіп, оларға да тәлімді тәрбие берді. Өз қолымен жасаған үлкен мәуелі бақтың тірегіне, берекесіне айналды.

Зейнеп апамыз әрқашанда «Аллаға шүкірлігін» аузынан тастамайтын. Сөйте жүріп бала тәрбиесіне келгенде тым қатал еді. Балаларына еңбектің ауырлығы болмайтынын, кез келген қиындықты қара нардай көтеретін қайсар болу керектігін өз ісімен дәлелдеп, көрсете білсе, немерелеріне де «қолыңа жұғып қалмайды,  жұмыстың ауыр-жеңілін таңдама, өмір сүріп үйрен!», – деп қатаң талап қойып отырғанын сан рет естіп едім.

Шіркін-ай, Зейнеп апамыздай, ұрпағыңды «жоқпын деп жасыма, бармын деп тасыма»,– деп тәрбиелесең, қоғамда адамгершіліктің қасиеті одан да жоғары болар еді.

Зейнеп апамыз «Шаңырақтың мықтылығы уығында»,– деген сөзді келіндеріне арнап жиі айтатын. Яғни, шаңырақ – ұлдары болса, уығы – келіндері. Әрбір келінін қызындай еркелетіп, маңдайларынан сипай жүріп, өзі көрген өмір мектебінің сабақтарын шаршамай үйретті. Оның ішінде, жолдасына адал серік болудан бастап, шаңырақтың шаттығы, бала тәрбиесі, адаммен қарым-қатынас, қонақ күту, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетудің бәрі де бар еді. Бір сөзбен айтқанда, Зейнеп апамыз келіндеріне ене де болды, ана да болды, дос та болды, туыс та бола білді.

Соның арқасында болар, Нығматулиндер әулетімен қанша жыл араласқанда, «ене мен келін» барын көрген жоқпыз. Барлығы да анасымен, қыздарындай көрінетін.

Міне, қандай парасат, қандай даналық, қандай сыйластық.

Осындай шексіз махаббат-мейірімінің арқасында Зейнеп апамыз, өзінің бір ғана әулеті арқылы бүтін бір елдің қайсар да қарапайым ұлдары мен, ақылды, инабатты келіндерін, білімі мен тәрбиесі озық ұрпақтарын тәрбиелеп кетті.

Ал, асыл әжеміздің құда-құдағиларымен сыйластығы, құрметі, бая­­ғы ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрдің заңды жал­ғасындай болды.

Алысты жақындатып, жақынды біріктіріп, әулеттің ғана емес-ау, елдің қамқорына айналған қадірлі жанның талай жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге шапағаты тиді. Қолдан келген көмегін аямады. Адасқанға жол көрсетіп,   қиналғанға қол ұшын берді. Өзі ізгілік нұрын себе жүріп, осы асыл қасиетті ұрпақтарының бойына сіңірді.

Зейнеп апамыздың артындағы өшпес Ұлы ерліктерінің бірі осы болса керек. Себебі, жақсылық, ізгілік, қайырымдылық, кісілік дәні себілген бақша ешқашанда құрғамайды, керісінше жыл өткен сайын жайқалып, жасыл желегімен, өсе береді.

Ал осы өмірдің байланысы апа­­мыздың қас-қабағына қарап, ая­лаған мейірімді ұлдары, қолын ұзар­тып, жылы-жұмсағын ұсынған ибалы келіндері, тәтті қылықтарымен баураған немере-шөберелері болды. Қай-қайсысы да Зейнеп апамыз салған дара жолды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыратыны сөзсіз.

Алдыңғы сөзімде апамыз аузынан Алласын тастамаған, ешқашан иманына күмәнданбаған ғазиз жан екенін айттым.

«Алланың разылығы – Ананың разылығында»,– демекші балалары ақ сүтінің, өмір бойғы мейірім­шуағының сәл де болса, қайтарымы болсын деп Зейнеп апамызды қасиетті Меккеге алып барды.

Солай анамыз 93 жасында киелі Меккеге табанын тіреп, Алла алдындағы құлшылығын өтеп қайтты.

Отбасының ортасында, жинал­ған елдің алдында «Еліміз тыныш, Елбасымыз аман, жұртымыз тоқ, ұрпақтарымыз саналы болсын», – деген ақ батасынан ешқашан айнымады.

Осындайда халқымыздың «Ер­дің анасы – Елдің анасы», – деген дана сөзі есіңе түседі, ол осы Зейнеп апамыздай ғазиз жандарға арналғандай. Өйткені, Зейнеп апамыз мемлекет мұратын жақтайтын ұрпақ тәрбиелеп, Ел  Анасы атанды.

Абыз анамыз өмірден өтерінде уақытының жақын қалғанын сезіп, балаларының бәрін шақырып: «Ба­лаларым, суалмайтын суат жоқ, құрғамайтын құрақ жоқ». Мен алыс­қа бармайтын болармын, Зәке әкелерің түсіме кіріп жүр. Жасым болса келді. Жақсы өмір сүрдім. Сендерді берген Аллаға ризамын, үмітімді, сенімімді, еңбегімді ақтаған сендерге ризамын»,– деп өсиет айтыпты.

Зейнеп апамыз жақсы өмір ғана емес, мағыналы, ғибратты, өнегелі, өрісті өмір сүрді.

Мен де Нығматулиндер әуле­тімен жолымды түйістірген, Зейнеп апамыздың жанында болып, дас­тарханынан дәм тату бақытын бұйыртқан Аллама шексіз разымын.

Алла Тағалам асыл апамыздың жанын жәнната шалқытып, қабірін иман нұрымен нұрландырғай!

Алдағы уақытта Зейнеп Кариқызының ғибратты ғұмыры жайлы көп жазылып, көп айтылса екен, барлық аналарға, кейінгі жастарға үлгі болса екен деймін.

Ерқара Аймағамбетов,

Қарағанды экономикалық университетінің ректоры,

 экономика ғылымдарының докторы, профессор,

отбасының жақын досы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button