Спорт

Арманы асқақ Айзада

6 сәуір – Халықаралық спорт күні. Естеріңізде болса, алғашқы Олимпиада ойындары 1896 жылы 6 сәуірде басталған болатын.

БҰҰ-ның осы шешіміне қолдау білдірген еліміз спортқа ерекше мән береді. Әрине, кейінгі Пхенчхан ойындарындағы нәтижені атамағанда…

Дегенмен, олимпиадашылардың қысқы ойындарда ел күткен нәтижеге қол жеткізе алмауы – әлемдік сайыстарға жолдама ала алмай жүрген қазақ жастарының көп екенін атауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, Қарағандының намысын республикалық сайыстарда қорғайтын Айзада ОРЫНБЕКОВА – Президенттік көпсайыс түрлерінен үздік спортшы.

Айзада жақында Павлодарда өткен республикалық универсиадада, қысқы бағдарлаудан ІІІ орын иеленіп қайтты. Ақтоғай ауданына қарасты Ақши орта мектебінің түлегі спортты ауыл алаңынан бастаған.

5 сыныптан бастап алғаш шаңғы тебуді үйреткен мектептегі ұстазым – Дулат Ізбасаров. Сол кісінің ықпалымен 8 сыныптан бастап аудандық, облыстық жарыстарға қатыса бастадым. Ал, қазіргі таңда университетте Аян Сармантаев жаттықтырады. Келешекте олжа әкелетін республикалық сайыстарға дайындалып жүрміз, – деп атап өтті спортшы қыз.

Жалпы, Айзада бірнеше республикалық сайыстардың жеңімпазы. Атап айтсақ, Президенттік көпсайыстар – еденнен итерілу, мылтық ату, шаңғы тебу, қысқы бағдарлаудың І, ІІ, ІІІ орын жүлдегері. Қазіргі таңда Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Дене мәдениеті және спорт» факультетінде білім алады. Көп уақытын дайындыққа жұмсайды.

Айзаданың айтуынша, елімізде спортта бағы жанған жастар көп. Бірақ, оларға қолдау жоқ. «Мысалы, таяуда Қазақстан құрамасының Пхенчхандағы ойындары жанкүйерлердің көңілінен шықпады. Бір қола медальмен 92 елдің ішінде 28-ші орынды иеленді. Спортшылар қалаған нәтижесіне қол жеткізе алмады. Әрине, әр спортшы төртжылдық додада топ жарғысы келеді. Бірақ, бәрі үлкен дайындықтың қажет екенін көрсетіп тұрған жоқ па?», – дейді жас спортшы.

Тек, оқу орнының атынан қатысатын жарыстарда Айзадаға университет қолдау көрсетеді екен. Республикалық сайыстарға қаржы қолбайлау болғандықтан өз еркімен шыға алмайтынын айтады спортшы.

Айзаданың мақсаты – оқуды тәмамдаған соң, білікті жаттықтырушы болып жұмысқа тұру. Спортшының ойынша, қысқы спорт түрлеріне үлкен өзгерістер керек. Оған жақында Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиада ойындары дәлел болды. Сондықтан, осы саланы қолға алмақ ниетте екен.

«Арманым – әлемдік сайыстарға қатысып, елімнің намысын қорғау» дейтін жас спортшы елімізде қысқы спорт түріне дайындайтын бапкерлер мен жаттықтырушылар құрамын өзгертіп, ұлттық құрамаға спорт десе «ішкен асын жерге қоятын» жастарды жинау керек дейді. Спортты жанындай сүйетін қазақ балаларының көптігін мақтанышпен алға тартады Айзада.

Аяулым Совет.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button