Спорт

Арманы асқақ Айболат

    Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған жаңаарқалық жампоз балуандардың жеңісті жолдарының жалғастырушысы, есіміне лайықты, білекті жігіт Айболат АМАНКЕЛДИЕВ.

Айболат Еркебұланұлы дзюдо және қазақ күресі түрлерімен айналысады. Жезқазған қаласында тұратын жасөспірімнің Қазақстан байрағын асқақтатқан, ел абыройын үстемелеген болат білекті, түкті жүректі балуан атанар күндері алыс емес сияқты.

Он бес жасқа енді толған жасөспірімнің дзюдодан және қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат атанып, төрт жылдан бері қалааралық, ауданаралық, облыстық, республикалық біріншіліктерде жүлдегер, жеңімпаз болып жүргені аз жетістік емес.

Бұл күндері артынан ерген інілеріне үлгі болып, мектебінің абыройын асқақтатып, біраз белесті бағындырған жасөспірімнің бұл қасиеті ата-тегінде, туған топырағында жатыр деп білеміз. Арғы тегіне үңілсек, жаужүрек Кіші жүздің әйгілі батырлары екені біраз нәрсені аңғартса керек.

«Мен жаңаарқалық екенімді мақтан тұтамын. Өмірімді спортқа арнағым келеді. Қазіргі жетістіктерімді үлкен спорттағы ғұмырымның тырнақалды табыстары ғана деп білемін. Болашақта жастар, ересектер арасындағы додаларға түсіп, елішілік қана емес, әлемдік сындардың жүлдесіне қол созсам деген арманым бар. Ол жолда қандай қиындыққа болса да төзуге дайынмын» деп ағынан жарылған жасөспірімнің арманына жетуіне барлығымыз тілекші болайық.

«Балпаң-балпаң басатын балуан болар ма екенсің?» деп, бесік тербеткен қазақ емеспіз бе?! Менің де бар тілегім осы немеремнің үстінде. Өзіміз күресіп жүргенде сонша қатты толқып, көңілім алабұртпаушы еді. Енді, қазір Айболаттың әр жарысын асыға күтіп, мазасызданып, жеңіске жетсе мәртебем тасып, мерейім үстем болатын болды. Балапаныма жолын ақ болсын, басына бақ қонсын деп тілеймін», – деп ағынан жарылды атасы Аужекең.

Жақында ғана қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық «Жас барыс» біріншілігінде 73 келі салмақ дәрежесінде І орын алып, «Жас барыс» атанған Айболатқа жеңісті жолдары жемісті болуына, спорттағы келешегі кемел болуына тілектеспіз.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button