Жаңалықтар

«Арландар» қарсыластарынан басым түсті

          Өткен сенбіде Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы спорт кешенінде «Астана Арланс» пен «Indian Tigers» боксшылары арасындағы кездесу өтті. «Astana Arlans» командасы үшін Бүкіләлемдік бокс сериясының «WSB» VIII маусымы сәтті басталды. Топтағы алғашқы қарсыласы – Үндістан командасын 4:1 есебімен ойсырата жеңді.

Ең бірінші болып шаршы алаңға 60 келіде Серік Теміржанов шықты. 19 жасар боксшымыздың қарсыласы Дахия Анкуштың осал тұсын тапты. Айта кету керек, екі боксшы да дебюттік жекпе-жектерін өткізіп отыр. Кездесу барысында Серіктің басымдылығы айқын көрініп тұрды. Ол қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Осылайша, өзінің алғашқы бес раундтық кездесуін өткізген отандасымыз 3:0 (49-45, 50-44, 49-45) есебімен жеңіске жетті.

Екінші болып жұдырықтасқан 69 келі салмақ дәрежесінде Бекболат Құрамысов өзінің дебютін өткізді. Негги Дурьодхан Сингхты 3 раундтың қорытындысы бойынша 2:1 (30-27, 28-29, 30-27) есебімен жеңіп келіп, қарсыласы жарақат алып қалды. Бұл – Бекболаттың алғашқы кездесуі. Әзірге, аяқалысы жаман емес.

81 келі салмақ дәрежесінде Нұрдәулет Жармановтың қарсыласы Ядав Брижеш арасындағы жекпе-жек көптің көңілінен шықты. Үнді елінің боксшысымен болған кездесу тартысты өтті. Нұрдәулет 2:1 (49-46, 49-46, 47-48) есебімен жеңіске жетті.

Жиналғандардың делебесін қоздырған – 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Аманжолов пен Парвеен Кумардың айқасы. Алып денелі боксшылар алғашқы минуттардан бастап бір-бірін аңдып жүріп жұдырықтасты. Нәтижесінде, Нұрсұлтан үндістандықты 3:0 (50-45, 50-45, 50-45) есебімен жеңді. Отандасымыз шаршы алаңда кімнің қожайын екенін көрсетіп, қарсыласын оңай ұтты.

Соңғы болып шаршы алаңға 52 келі салмақта Ақниет Балтабаев пен үндістандық боксшы Бишт Кавиндер Синг шықты. Үндістандық үнемі соққы жасап, ширақ қимылдады. Біздің жерлесімізге жылдамдық жетіспеді. Өкінішке орай, Ақниет ұпай санымен жеңіліп қалды.

Осылайша, «Астана Арланс» пен «Indian Tigers» боксшылары арасындағы кездесу 4:1 есебімен аяқталды.

Айта кетейік, жақында ғана команданың бас менеджері ауысқан болатын. Осыған дейін Серік Сәпиев тізгіндеген қызметті енді Бақтияр Артаев атқарады.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button