Археолог

«Өз жолын әр қашанда анық басқан,

Жастар үшін еңбек еткен жалықпастан.

Білеміз жүрегінде оның берік,

                                                                                                                                                  Ізгілік қасиеттер қалыптасқан», – деп басталатын бұл өлең жолдары бір кездері ұстазым болған, бүгінде қадірлі ағамыз, әріптесіміз Сағындық Ұбайұлына арналған ба деп ойлаймын. Ағамыз осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отыр. Ол Қарағанды мемлекеттік университетінің, тарих факультетінде 1974 жылдан бері үздіксіз қызмет істеп келе жатыр. Бүгінде Сағындық Ұбайұлы – ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгі иегері, белгілі археолог, құрметті ұстаз.

Сағындық Ұбайұлының археология ғылымына келуі, студенттік жылдарында К.Акишевтің жетекшілігімен ұйымдастырылып «Алтын адамды» тауып зерттеген «Есік экспедициясына» қатысуынан-ақ басталған еді. 1975-1978 жж. Ғылым Академиясының археология Институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде өз білімін жетілдірді. Өзінің ұстазы атақты академик Ә.Марғұланмен бірге Абакан қаласында өткен Сібір археологтарының халықаралық конференциясына қатысып, сол жерде өзінің келешек ғылыми-зерттеу жұмыстарына ықпал еткен Сібір археологы Я.Сунчигашевпен танысты. 1983 ж. Кемеров мемлекеттік университетінде «Археология» шифрі бойынша «Орталық Қазақстанның ежелгі металлургиясы мен кен кәсібі (қола дәуірінде)» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

1977 жылы Қазақстанның белгілі археологы М.Қадырбаевтың жетекшілігімен ұйымдастырылған Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясына қатысты. Әлкей Хақанұлы – жан-жақты ғалым, филология ғылымдарының докторы, КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі, белгілі шығыстанушы, тарих төңірегінде көп еңбек сіңіріп, Қазақстан археологиясының жеке ғылым ретінде қалыптасуында ерекше із қалдырған адам. Сондықтан да ғалымның ҚазКСР ҒА құрылған соң, бірден Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында жасақталған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 20 жыл бойы жұмыс істеді. Экспедицияның көпжылдық зерттеулерінің басты нәтижесі – тарихшылар, археологтар және қоғамдық ғылымдар арасында мойындалып, бағасын алған Орталық Қазақстандағы «Бегазы-Дәндібай мәдениетінің» ашылуы болды. Ендеше, Сағындық Ұбайұлы Отандық археологиядағы Ә.Марғұлан мен М.Қадырбаевтың мұрасын жалғастырушы ғалым. Ол 1980-1996-шы жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында болып, қола дәуірінің Атасу қонысынан мыс қорытатын пештердің орындарын тауып, реконструкция жасады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының тарих факультетінің түлегі біздер, соның куәсі болдық, ол ұйымдастырған экспедиция құрамында қазба жұмыстарына қатыстық.

1995 жылдан бастап Сағындық Ұбайұлы Қарағанды мемлекеттік университетінің Орталық өңірде ұйымдастырылған археологиялық экспедицияларын үздіксіз басқарып келеді. Археология – гуманитарлық ғылымдардың ішіндегі ең жасы болғанымен, тарихи мұралар арқылы адамзаттың өткен тарихын зерттейтін ғылым. Бұл мұралар жер қойнауында жататындықтан, археология «күрекпен қаруланған тарих» деп айтылады. Ол тарих ғылымында төңкеріс жасап, оның көлемі мен мазмұнын өзгеріске ұшыратып, көкжиегін үнемі кеңейте береді. Сағындық Ұбайұлы Орталық Қазақстан жеріндегі археологиялық зерттеулерді жүргізген жылдан бастап, оның жаңа қарқынмен дамуына үнемі күш-жігерін салды.

1976 жылдан тарих факультетінде археологиялық зерттеулер зертханасы құрылды. Экспедициялар барысында жинақталған материалдар археология және этнография мұражайын құруға негіз болды. Мұражай 1981 жылы ашылып, бірден университет пен тарих факультетінің мақтанышына айналды. Мұражайдың экспозицияларынан адамзат тарихының барлық кезеңдерін, қазақ халқының шаруашылығы мен тұрмысын, ежелгі түркі тас мүсіндерін, қола дәуірінің реконструкцияланған жерлеу дәстүрін көруге болады. Орталық Қазақстан, әсіресе Кент сияқты тұрақтардан көп жылдар бойы зерттеу барысында табылған артефактілер осы мұражай коллекциясының бірегейі болып табылады. Археология және этнография мұражайы қоры кафедраның профессорлық-оқытушы құрамы профессор В.Евдокимов, профессор. С.Жауымбаев, доцент В.Варфоломеев, доцент М.Жакиннің жетекшілігімен жүзеге асырылатын археологиялық және этнографиялық экспедициялар барысында табылған жаңа экспонаттармен жыл сайын толықтырылып отырылады. Іс-тәжірибе кезеңінде алынған материалдар, 5 мыңнан астам сақтау бірлігінен тұратын қорды қалыптастыруға мүмкіндік берді және осы материалдар көптеген монографияларды, ғылыми жинақтарды, кандидаттық, докторлық, магистрлік диссертацияларды, екі жүзден астам мақалаларды, елуден астам дипломдық жұмыстарды, бірнеше ондаған студенттік ғылыми баяндамаларды жазуға негіз болды.

Археология және этнография мұражайының базасында 1994 жылы ҚР ҒА Ә.Марғұлан атындағы археология инситутының Орталық Қазақстандық бөлімі ашылған болатын. 2003 жылы аймақтың ғылыми күштерін шоғырландыру және іргелі археологиялық зерттеулерді дамыту мақсатында Сарыарқа археологиялық инситуты құрылды.

Сағындық Ұбайұлы басқарған археологиялық экспедициялар барысында Орталық Қазақстан және Еуразия аймағы аудандары бойынша үлкен, көршілес өңірлерге әсер еткен тау-кен, металлургия және металл өндеу ошақтарын зерттеу бірінші орынға қойылды.

Осы жерде мысалы, Кент өңіріндегі С.Ұ.Жауымбаев басқарған археологиялық экспедицияларға ерекше тоқталуға болады. Ғалымның басқаруымен «Кенттің» шығыс жағындағы «Алат» өзенінің бойында қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын қала типтес қоныс орны 20 жыл бойы үзбей зерттелуде. Бұл сол жердегі «Кент» қонысы деп аталады. Бұл қоныс Орталық Қазақстандағы ең ірі қоныстардың бірі. Аумағы 20-30 гектар алқапты алып жатыр. Осындағы қазба жұмыстары барысында үйлер, мыс шеберханалар, тұрақтың біздің дәуірімізге дейін 1-1,5 мың жыл бұрын адамдардың қоныс тепкен жері екені анықталды. «Алат» өзенінің оң жақ жағалауында темір балқытатын шеберханалар орны бар. Ол жерден, сол дәуір адамдарының пайдаланған қыш ыдыстарының бірнеше түрі табылды. Бұл жерде біздің дәуірімізге дейін 1 мың жыл бұрын сол кездегі адамдардың (пұтқа) немесе құдайға сыйынатын ғибадатхана орындары да кездеседі. Бүгінде консервацияға қойылған қоныстар да жеткілікті. Сағындық Ұбайұлымен бірге профессор В.Евдокимов бастаған ғалымдар Қарағанды мемлекеттік университеті, тарих факультетінің студенттерімен жылда қазба жұмыстарына келіп, іс-тәжірибе жинақтайды.

Бүгінде Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалым-археологтары Қарқаралының Кент қорығынан қола дәуірінің Кент қонысына үлкен көлемде қазба жұмысын жүргізіп, сол кездің өзінде қала деңгейіне дейін өскендігін дәлелдеді.

Қазіргі кезде Қазақстан территориясында Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясынан Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс өңірлерде ірі қазба жұмыстарымен айналысуда. Орталық Қазақстанның қола, ерте темір дәуірін зерттеуде ғалымдар С.Жауымбаев, В.Евдокимов, В.Варфоломеев еңбектері өте жоғары дәрежеде деп айтуға болады. Осы салада 2001 жылы С.Жауымбаевтың «Горное дело и металлургия бронзового века» деген ғылыми еңбегі жарық көрді. Автор 30 жылдық далалық археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде жинаған деректерді талдау негізінде Сарыарқадағы көптеген көне кен орындарының орындарындағы ескерткштерді жүйелеп, тау кен және металлургия құралдарын, металл өндірісін, қола өндіру және қолдан бұйымдар жасау әдіс-тәсілдерін зерттеп жазады. Автордың пікірінше, Орталық Қазақстанда қуатты тау-кен металлургия орталығы болған. Оның өнімдерін Орталық Азия, Волга жағалауы, Оңтүстік Сібір тұрғындары пайдаланған. Монографияда көне металлургтердің қоныстары, олардың мыс өндіру технологиясы жан-жақты баяндалады. Бұл еңбектің Қазақстан археологиясындағы қола дәуірінің зерттеу тарихнамасында өзіндік орны бар.

Сағындық Ұбайұлы 70-тан астам аймақтық, республикалық және шетелдік (ресейлік) ғылыми-әдістемелік жариялымдардың авторы. Солардың қатарында ерекше орын алатын «Горное дело и металлургия бронзового века Сарыарки», «Қазақстан археологиясы» мен «Алғашқы қауымдық құрылыс тарихы» атты оқу-құралдары, екі тілде жарыққа шыққан «Караганда и Карагандинская область» энциклопедиясының авторларының бірі, «Средневековые города и поселения Казахстана» атты тарих мамандықтары студенттеріне арналған әдістемелік нұсқаулар, «Алғашқы қауымдық құрылыс бойынша әдістемелік нұсқаулар», «Словарь – указатель по археологии» еңбектерінің авторы. Ол сонымен бірге «Археологические памятники Казахстана» атты видеоматериалдарды, «Археология», «История первобытного общества» және «Древняя история Казахстана» атты электронды дәрістер қурстарын дайындады.

Тарихшы ғалым «Археология», «Алғашқы қауымдық құрылыс», «Қазақстан археологиясы», «Ежелгі Қазақстан тарихы», «Теоретикалық археология», «Әлем археологиясы», «Археологиялық қазбалар әдістемесі», «Қазақстанның тас дәуірі», «Қазақстанның қола дәуірі», «Қазақстанның ерте темір дәуірі», «Археологияның іргелі мәселелері», «Қазақстанның ежелгі металлургиясы мен кен кәсібі» және «Қазақстанның ежелгі қалалары» және «Қазақстанның орта ғасырлық қалалары» атты курстар бойынша дәрістер оқиды.

Соңғы жылдары Сағындық Ұбайұлы Елбасымыздың «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалары бойынша Орталық Қазақстанда археологиялық зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізуде. Оның жетекшілігімен «Алат» ежелгі-металлургиялық кешені» зерттеліп, Орталық Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің тізімі құрастырылуда. Айта кету керек, осы Алат ежелгі-металлургиялық кешенді зерттеуде Жапония елінің Эхиме университетінің Я. Мураками бастаған ғалымдары бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге қызығушылық білдіруде. Бұл да Сағындық Ұбайұлының еңбектерінің халықаралық дәрежеде танымал болғандығының дәлелі.

Сөзімнің соңында айтарым, құрметті Сағындық Ұбайұлы! Біз Сізді жан жүрегімізбен 70 жылдық мерейтойыңызбен құттықтап, мерекелі мерейтойда Сізге денсаулығыңыз күйлі-қуатты, ғұмырыңыз ұзағынан, Нұр апайымызбен бірге көрер қуаныштарыңыз молынан болсын деп тілейміз! Мерейлеріңіз үстем, қадір-қасиеттеріңіз зор болсын.

Қ.Өскембаев,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.