Ардагерлер – құрмет құшағында
Республикалық Ардагерлер ұйымына 30 жыл толуына орай, «Абай ауданы Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының пленумы өткізілді.
Оған облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин, аудан әкімінің орынбасары Әсем Жүнісбекова және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Раиса Қойлыбаева, ауылдық округтердің әкімдері мен ауыл ардагерлері қатысты. Ілкімді шара барысында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіліп, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар және «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне билеттер табысталды.
Ұйымның негізгі мақсаты – қарияларға жан-жақты қолдау білдіру, көмекке зәру жандарға қол ұшын созу. Олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу арқылы, шешу жолдарын табу. Бұл ретте, абайлық ардагерлер белсенді жұмыс атқаруда. Жалпы, аудандағы қариялар өте белсенді. Олар қоғамдық өмірге араласып, мәдени, спорттық шараларда белсенділік танытып жүр.
Жиында Р.Қойлыбаева Ардагерлер ұйымының құрылу тарихы мен ұйым жұмысына зор үлесін қосқан тұлғалар туралы сыр шертті. Сондай-ақ, бүгінгі күні ұйым жұмысына белсене ат салысып жүрген ардагерлердің есімдерін атады. Жергілікті атқарушы органдарға, педагог ұжымдарының алғашқы ардагерлік кеңестерінің төрағаларына ынтымақтастықтары үшін алғыс білдірді.
Шара соңы мерекелік кешке ұласты.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.
АБАЙ ауданы.