Жаңалықтар

Ардақты апай

                   Кешегі тарихты тізбелемей-ақ, бүгінге жіті көз тастар болсақ, Қарағандының қайраткер нәзік жандарының көш басында Рымбала Кенжебалақызы тұр. Олай болуы да заңдылық. Қажырлы еңбегімен, парасаттың биік үлгісін көрсетіп, аймақ өнерінің дамуына ұшан-теңіз үлесін қоса отыра, Арқа жұртының алғысына бөлену екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келмейтін ерлік. Міне, осылай елім деп еңіреген ерлерден кем еңбек көрсетпеген Рымбала Кенжебалақызының қасиетін көптеп айтуға болады. Жастардың бойынан жылт еткен жақсылық көрсе, лаулаған жалынға айналдырып, асқан қамқорлық көрсетіп келеді.

Адамның бойына тұлғалық қасиет әуелі топырақтан сіңетін болса керек. Олай деуімнің орынды себебі бар. Рымбала Кенжебалақызы – кешегі Қасымдай жасын ұлдарды дүниеге әкелген қасиетті Қарқаралы топырағында дүниеге келді. Қарқаралының сұлу да кербез табиғатын көркем мінезіне дарытып, еңбек жолын өзі туған мекенінде бастады. Осылайша ізденіс пен тынымсыз еңбегі арқылы қазыналы Қарағандыға қадам басты. Облыс орталығында өзінің қажырлы қайратымен көзге түсіп, Қарағандының мәдени өміріне Рымбала Кенжебалақызындай аянбай еңбек еткен тұлға саусақпен санарлық. Мәселен, Рымбала Кенжебалақызы аймақ мәдениетін өркендету жолында асқан ыждаһаттылық пен қамқорлық танытып, өтпелі кезеңде тұралап қалған талай өнер кешендерінің қайта түленуіне аянбай еңбек еткені әмбеге аян. Қаншама дарынды өнерпаздың бабын тауып, бағын ашты.

Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Иә, жастардың бойынан жылт еткен сәуле көрсе, оны алаулаған жалынға айналдыра білгендігін сөзінен емес, талай жылдар атқарған еңбегінен танимыз. Жастар – жас бұтақ буын іспетті. Қалай қарай бұрсаң, сол бағытта мәңгі өсе бермек. Осыны ескере отыра, жастарға деген, олардың тәрбиесіне деген аса үлкен қамқорлық танытуы баршамызға өнеге.

Ұйымдастырушылық – көпке бұйыра бермес қабілет. Ал, Рымбала Кенжебалақызының ұйымдастырушылық қасиетін ерекше атап өту керек. Республикалық дәрежеде тойланар игі іс-шаралар кезінде халықты жұдырықтай жұмылдыра білгені әлі де көз алдымызда. Облыс түгіл, еліміздің басқа өңірлері де осы ұйымдастырушылық қабілетін өнеге тұтуда. Еңбегінің жемісін көру деп осыны айтса болады.

Қарағанды облысының зиялы қауымы, өнерпаздары, жалпы өнерсүйер қауым Рымбала Кенжебалақызын ардақтап Апай деп атайды. Бұл – халық тарапынан білдірілген ілтипат пен құрмет болса керек.

Қадірлі апай, Сізді бедел биігіне шыққан, абыройлы мерейтойыңызда Қарағанды облысының жастары атынан шын жүректен құттықтаймын!

Мирас ҚҰТТЫБАЙ,

Қарағанды облысының  жастар мәселелері жөніндегі

басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button