Арда өскен, ары таза азамат еді
Асыл азамат, облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан білгір маман Абдолла Төребековтің бұл дүниден аттанғанына да қырық күннің жүзі болып қалған екен. Соған орай бірге қызмет атқарған замандастарының естеліктерін жариялауды жөн көрдік.
Абдолла оңтүстік өңірде туып өссе де қазақтың Сарыарқасына бауыр басып, бүкіл саналы ғұмырын осында өткізді. Оның өмір жолы – еңбексүйгіштіктің, қоғамға адал қызмет етудің, адамгершілік асыл қасиеттердің жарқын үлгісі болып табылады. 1971 жылы О
мбының мемлекеттік ветеринарлық институтын бітіргеннен кейін сол кезде қалыптасқан тәртіп бойынша арнайы жолдамамен біздің облыстың Егіндібұлақ ауданына келіп, мал дәрігері болып орналасады. Жат жер, жаңа ортаға алғашқы кезде бойы үйренгенше тосырқағаны бар. Облыстық газетте жарияланған бір мақалада бойын кернеген сезімдерді былай баяндайды:
«Бастапқыда басымды шайқап, келгеніме өкіндім. Бұрын-соңды алысқа шығып көрмеген мен сол күні Қарағандыдан артынып-тартынып автобуспен алты сағат жүріп, Егіндібұлаққа әрең жеткенім бар. Бірақ, неге екенін қайдам, Балқантаудың басына қарасам, қасиетті Қазығұрт тауы есіме түсті.Екеуінен керемет ұқсастықты аңғардым. «Қазығұрттың басында кеме қалған, әулие болмаса неге қалған?» деп аңыз ғып айтатын киелі тауым дәл маған осы жерде оң сапар тілеп тұрғандай көрінді…».
Айтса айтқандай, ол Балқантау өңірін жерсініп, сіңісіп кетті. Өйткені, өзінің бойына дарыған елгезек қасиетімен тез арада адамдармен етене араласып, осы жерден жақсы аға, ізетті іні, асыл жар тапты. Содан жұмыста жақсы қырынан танылған маманды басшылар Молодежный ауданындағы «Родниковский» совхозының бас мал дәрігері етіп тағайындайды.Мұ
нда тұралап қалған мал шаруашылығын аяғынан тік тұрғызуға тырысты. Мал басы көбейіп, ауру түлік саны азайды. Бұдан кейінгі қызмет баспалдақтары Арқа азаматтарының, облыс басшыларының қолдауымен негізінен осы екі өңірде алма-кезек өтеді. Молодежный аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас мал дәрігерінен төрағаның 1-орынбасарына дейін көтерілді. «Бақты» совхозына директор болып барып, сонан кейін Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Оған үлкен сенім көрсетіліп, Молодежный және Осакаров аудандарының әкімі болып он жыл қызмет атқарды. Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып ұсынылды. Ауыл өмірін жақсы білетін, халықпен тығыз байланыста жүретін маман 2007-2013 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, кейін басшысы қызметтерін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты. Әбекеңнің «Арқа азаматтарын арқа тұтамын» деп айтуы осыдан.
Зейнеткерлік жасында қол қусырап қарап жатпай, Қазақстан фермерлері одағы облыстық филиалын басқарды. Осы қоғамдық жұмыста жүргенде былтыр Жер реформасына байланысты Үкіметтік комиссия құрамына қабылданып, даулы мәселелерді шешуде үлкен іскерлік танытты. А.Төребеков ел алдындағы адал еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, мерекелік медальдармен марапатталып, Осакаров ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды.
Бұрын жазылса да Абд
олла Төребековтің 90-жылдардың басында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген ұранын қабылдауға ықпал еткенін еске салған артық болмас. Абдолла «Бақты» совхозының директорлығынан Егіндібұлақ аупарткомына екінші хатшы болып келуін жақтырмаған бәз біреулердің айтуымен газетте «ол жылы орынға күмп ете түсті» деген сарында мақала шығып кетті. Әбекең редакцияға келіп, өзінің бұл пікірмен келіспейтіндігін, «Бақты» совхозында қыс қатты болып, ауыл еңбеккерлерінің арқасында мал басын аман сақтап қалуда қажырлы жұмыс атқарылғандығы туралы жауап мақала әкеліп, бас редакторымыз Нұрмахан Оразбековке жаңағы мақалды айтады. Нұрекең түсіністікпен қарап, жауап мақаланы газеттің келесі санына қолма-қол жариялайды және ойына салған мақалды 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұрынғы әбден жауыр болған, күні кетіп бара жатқан партияның «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранының орнына қолданды. Сөйтіп, «газетімізге орны бөлек ұран тауып берген Абдолла Төребеков есімі газет тарихында осылай қалды», деп жазды журналист Д.Мақаш газеттің 70 жылдығына арналған санында.
Енді замандастарының Абдолланың еңбек жолы, асыл қасиеттері туралы естеліктеріне орын берейік.
Тілеубек Зейнешев, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Абдолламен ара-қатынасымыз
туған аға-інідей болды деп өткенде бір еске алғанмын. Білімді, әдепті азамат еді, біздің ақыл-кеңесімізді тыңдап, қызмет баспалдақтарымен үнемі өсіп отырды. Екі тілге бірдей жүйрік, қазақтың әдеп-ғұрыптарын қандай жақсы білуші еді. Сондықтан, қасымда жүргенін, бірге қызмет атқарғанын қалаушы едім. Өйткені, қандай бір тапсырма болмасын тап-тұйнақтай қылып тындырып тастайтын. Молодежный ауданында бірге болдық, кейін мен Егіндібұлақтың бірінші хатшысы болғанда екінші хатшылыққа шақырдым. Алтын қарындасыма «үйде сен ие бол, түзде мен қарап жүрейін», деп қалжыңдаушы едім. Сол іскерлігінің, адамдармен тілі табыса білетін қасиетінің арқасында қатардағы мал дәрігерінен ірі ауданның басшысы, облыстың ауыл шаруашылығы саласына жетекші дәрежесіне дейін жетті.
Темірболат Мәжитов, еңбек ардагері:
– Әбекеңді Егінбұлаққа алғаш келген күнінен білемін, 45 жыл жұбымыз жазылмай араласып жүрдік. 1991 жылы (ол кезде мен аудандық ауыл шаруашылық басқармасының ба
стығымын), партия тарап, мамандар қайда барарын білмей жүргенде достық көңілмен: «Әбеке, менің орныма қызметке келіңіз», деп шын жүректен айтқаным бар еді. Молодежный жаққа кетті де сонан біздің мектептің мықтылығы емес пе, көп ұзамай аудан әкімі болып тағайындалды. Мен Қарқаралыға әкім болдым. Кейін облыстық ауыл шаруашылық басқармасында қоян-қолтық еңбек еттік. Қимас дос, бауырмал азамат еді. Өмірден ерте кетті.
Сұлтан Мәтелин, еңбек ардагері:
– Егіндібұлақ ауданының халқы Абдолладай а
заматты қатты сыйлады. Ол қолынан келсе ешкімнен көмегін аямайтын. Біреуге жақсылық жасағысы келіп тұратын. Ауыл шаруашығының білгір маманы болумен қатар ішкі дүниесі бай, аса бір мәдениетті жан еді. Оған мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, атқару комитетінің төрағасы болып қатар жұмыс істегенде талай куә болдым. Мені қатты сыйлап аға деп жүрді. Мен де асыл азаматты осы бір қасиеттері үшін құлай сыйлайтынмын. Алтын қарындасымыз екеуі тату-тәтті, үлгілі отбасын құрды. Екі ұл өсіріп, келін түсіріп, немере сүйді. Сымбаты ішкі істер органында қызмет етеді, полиция полковнигі, Рысбегі әкесінің жолын қуып, шаруа қожалығын басқарады. Ендігі тілейтініміз, сол ұрпақтары ата-анасының жақсы атын жалғастырсын.
Марат Райымбеков, еңбек ардагері:
– Мен Абдолламен сексенінші жылдары Молодежный ауданына ауатком төрағасы болып барғанда таныстым. Байқасам, басшы қызметкерлер арасында қазақтар мүлде аз. Канал бойында, Бөрілі разрезінде де ылғи
басқа ұлт өкілдері. Сондықтан, бас мал дәрігері болып жүрген Әбекеңмен тез шүйіркелесіп кеттік. Мен агроном, ол мал дәрігері, сондықтан көп көмегі болды. Содан бірде «үйден көже ішіп кетіңіз» деп шақырды. Сол көженің арқасында Алтын қарындасыммен, бала-шағаларымен танысып, туыс адамдардай болып кеттік. Әбекең Оңтүстіктің де, Арқаның да салттарын жақсы біліп, екі арада алтын көпір болып жүрді. Арда өскен, ары таза азамат еді. Маңдайымызға сыймай кетті.
– Мен Талды ауданының бірінші хатшысы болып жүргенде Абдолла інімізге үлкен сенім артып, артта қалып келе жатқан «Бақты» совхозына директор етіп бекіттік. Сенімге селкеу түсірген жоқ. Совхозды біраз көтеріп тастады. Жалпы, Абдолла қайда істесе де абыройлы болды. Тіпті былтырғы «жер дауы» кезінде Қазақстан фермерлер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Жер реформасы жөніндегі Үкіметтік комиссияның мүшесі ретінде үлкен жұмыс жүргізді. Облыста ол баяндама жасап, қоғамда теріс пікір туғызған жер реформасы ақпараттық тұрғыда тиісті дәрежеде насихатталмай отырғандығын хабарлап, халықты сабырға шақырды. Өзі де тиянақты, сабырлы жан еді. Ақыры атқарған ісі баянды болды. Комиссия құрамында Қазақстанның бірнеше облыстарын аралап, жер-жерде жағдаймен танысты. Соның нәтижесінде комиссия Үкімет пен Президент алдына тұжырымды пікірлерін ортаға салып, тиісті шешім шығарылды. Халықтың да өрекпіген көңілі орнына түсті. Жер – халқымыздың асыл байлығы. Фермер ретінде айтайын, халқымызды асырап отырған осы жер. Сондықтан оны сатып, ертең опық жеп жүрмейік. Абдолладай ауыл шаруашылығының білгір маманының, баршамыздың тілегіміз осы еді ғой…
***
Міне, көріп отырсыздар, өзі өмірден өтсе де Абдолла Төребековтей асыл азаматтың Сарыарқа жерінде қалдырған іздері сайрап жатыр.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист.