Бұқар жырау

Қаражардағы қос тұсаукесер

Бұқар жырау ауданы Қаражар ауылында жаңа футбол алаңы қолданысқа берілді. Әлеуметтік нысан «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғызылды.

Спорт алаңы ауылдағы мектеп жанынан салынды. Ауыл балалары бұл тартуға қатты қуанған жайы бар. Бұған дейін олар қарапайым алаңның шаңын шығарып, доп тебетін. Жаңадан корт жұмсақ жабынмен жабылып, биік қоршаумен қоршалған. Жаттығу үшін қажетті жағдайдың бәрі бар. Енді, қаражарлықтар командасы аудандық және облыстық жарыстарға барынша дайындала алатындарына сенімді.

Алаңның ашылу салтанатында жас футболшыларға доп пен спорттық киімдер сыйға тартылды. Сонымен қатар, ауылдағы саябақ абаттандырылды. Бұл іске «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында округ бюджетінен қаржы бөлінген еді. Жастар күніне орай, ауыл тұрғындары саябаққа «Жастар саябағы» деген атау беруді қош көріпті. Жаңғыртылған демалыс орны «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында ашылды.

Жергілікті қауымдастық мүшелері саябақты көгалдандыруға атсалыспақ. Ал, ауыл үлкендері мұнда гүлзарлар орнатып, «Түлектер аллеясын» салуды ұсынуда. Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасады. Жақында мұнда тас төсеп, орындықтар орнату жоспарланып отыр. Салтанатты рәсімде ауыл ақсақалы, білім беру саласының ардагері Халиолла Байбахтин жергілікті билікке әлеуметтік бастамалар үшін алғысын білдірді.

Өз тілшімізден.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button