Өзбекстандық ерікті экологиялық бастаманы қолдады
«Balkhash Tour Fest» фестивалі аясында өтіп жатқан Халықаралық еріктілер форумына Өзбекстан Республикасынан келген делегация да қатысуда. Солардың қатарында ерікті Жасмина Абдулхатова бар.

Форум барысында ол халықаралық кездесудің маңыздылығына тоқталып, әртүрлі елден келген жастардың өзара тәжірибе алмасуы жаңа бастамалардың жүзеге асуына жол ашатынын айтты.
– Форум аясында өз тәжірибемізбен бөлісіп қана қоймай, өзге мемлекеттерден келген делегация мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Мұндай кездесулер ортақ мәселелерді талқылап, тиімді шешімдер іздеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда экологиялық мәселелердің ішінде қоқыс проблемасы өзекті болып тұр. Қайда барсақ та табиғат аясында немесе қоғамдық орындарда шашылып жатқан қоқысты көреміз. Сондықтан, форумда біз плоггинг қозғалысын кеңінен дамыту қажеттігін көтердік. Плоггинг – жүгіру кезінде қоқыс жинауды насихаттайтын экологиялық бастама. Бұл бір мезетте әрі спортпен шұғылдануға, әрі қоршаған ортаны таза ұстауға мүмкіндік береді. Мен Қазақстанға жиі келемін. Алайда, Балқашқа алғаш рет табан тіреп отырмын. Бұл қала менің есімде ең алдымен жарқын фестивальмен, ерекше атмосферасымен және қонақжай адамдарымен қалатын болды. Сонымен қатар, форумға қатысушылардың белсенділігі мен мазмұнды бағдарламасы да ерекше әсер қалдырды. Осындай ауқымды шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын, – деді Жасмина Абдулхатова.
Халықаралық форум еріктілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастардың әлеуметтік және экологиялық бастамаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



