Жаңалықтар

Ақылды датчиктер білім сапасын арттыруға көмектеседі

«Balkhash STEAM Serpini» аясында грант иеленген үздік бастамалардың бірі – «Ecopulse: білім беру ортасын цифрлық мониторингілеу» жобасы. Қазіргі таңда жоба 1,5 миллион теңге көлеміндегі гранттық қаржыландыруға ие болып, іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Инновациялық бастама «Balkhash Tour Fest» фестивалінде көпшілік назарына ұсынылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Суреттерді түсірген автор

Бүгінде жобаға бес педагог пен 13 оқушы тартылған. Басты мақсат – оқу кабинеттеріндегі жағдайды үздіксіз бақылау арқылы білім беру ортасын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға барынша сәйкестендіру. Жобаны фестиваль қонақтарына Балқаш қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі, «Экопульс: білім беру ортасын цифрлық мониторингілеу» жобасының жетекшісі Светлана Харламова таныстырды.

– Әр кабинетке бес негізгі көрсеткішті бақылайтын арнайы датчиктер орнатылады. Олар шу деңгейін, ауа ылғалдылығын, температураны, көмірқышқыл газы мен оттегі мөлшерін автоматты түрде өлшейді. Сонымен қатар, бізде «Экополис» атты ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істейді. Ондағы барлық параметрлер санитарлық нормаларға толық сәйкес келеді. Жоба аясында өзіміздің бағдарламалық қамтамасыз ету жүйеміз – «Dashboard» әзірленді. Бағдарламаны HTML тілінде веб-платформа ретінде жасадық. Алайда, ол локальді режимде жұмыс істейді. Сондықтан, интернетке тәуелді емес. Барлық мәліметтер осы жүйеге жинақталады. Кейін кабинеттердегі көрсеткіштердің орташа мәні есептеліп, зертханадағы эталондық деректермен салыстырылады. Егер қандай да бір ауытқу анықталса, жүйе бірден хабарлама береді. Бұдан бөлек, әр кабинет бойынша цифрлық жылу картасы жасалған. Соның арқасында мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер оқу кабинеттерінің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, қажетті шешімдерді жедел қабылдай алады. Мәселен, жүйе «терезені ашу», «желдету жүйесін қосу» секілді ұсыныстар береді, – дейді Светлана Харламова.

Жобаны жүзеге асыру барысында бірқатар техникалық қиындықтар да туындаған. Атап айтқанда, №1 жалпы білім беретін мектептің электр желілері ғимарат салынған уақыттан бері толық жаңартылмаған болып шыққан. Ал, жаңа датчиктер мен қосымша құрылғыларды орнату үшін қолданыстағы электр жүйесінің қуаты жеткіліксіз болған. Қазіргі уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Мектепте электр сымдарын толық ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

– Жобаны жүзеге асыруға «Kounrad» корпоративтік қоры мен «Balkhash STEAM Serpini» бағдарламасы үлкен қолдау көрсетті. Барлық қажетті жабдықтарды Орталық Азияның «Еуразия» қоры (FECA) сатып алып берді. Қазір датчиктер мектептің 10 пилоттық аймағына орнатылған. Үш қабатты ғимараттың барлық бөлігін қамтуға тырыстық. Бастауыш сынып кабинеттерін, кітапхананы, тарих, қазақ тілі, информатика, биология және математика кабинеттерін таңдадық. Датчиктер мектептің әртүрлі нүктелеріне шахматтық тәртіппен орналастырылды. Бұл бізге ғимараттың ішкі ортасын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Тамыз айында монтаждау жұмыстары толық аяқталып, жүйе толық іске қосылады. Одан кейін жоба нәтижелерін жұртшылыққа таныстырып, қорытынды есеп береміз. Ал 1 қыркүйектен бастап мониторинг нәтижелері мектеп сайтында жарияланып, ата-аналар үшін қолжетімді болады, – дейді жоба жетекшісі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button