Жаңалықтар

«Арандап қалмайық, ағайын!»

             Соңғы күндері әлеуметтік желіде жер дауына қатысты жаңа сыбыс желдей есті. Аты-жөні белгісіз автордың «14 ақпаннан бастап жер шетелдіктерге сатылады. Парламент жаңа заңды жасырын қабылдап жіберді» деген сарындағы жазбасы қызу талқыға түсіп, тарап жатыр. Бұл не сонда? Елбасымыз жариялаған мораторий қайда? Бұл жазбаның астарында кім тұр? Жер туралы жаңа заңның мазмұны қандай? Осы сауалдарды Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжанға қойып көрген едік.

– Мұхтар аға, әлеуметтік желіде жер дауы қайта өріс алып жатыр. Аттаншыл қауымның айтуынша, Жер реформасы туралы жаңа заң Елбасымыз жариялаған мораторийдің күшін жояды-мыс. Бұл қаншалықты шындық?

– Бұл хаттың авторы жоқ. 100% өтірікке құралған және халықты адастырып, арандатуға бағытталған. Өйткені біз ұсынып отырған заң жобасы Елбасымыз жариялаған мораторийге кереғар келмейді. Бұл заң ауылдағы ағайынды жайылымдық жермен, үй салуға арналған 10 сотық жер телімімен қамтамасыз етуді және латифундистердің жолын кесуді көздейді. Әрі шетелдіктерге жер беру мүмкіндіктерінің барлық жолын жауып тастайды.

Заң жобасы жер комиссиясының 11 шешіміне сай дайындалды. Оның құрамында қандай азаматтар болды? Олар халыққа зиянды шешім қабылдай ала ма? Мен Астана қаласына арнайы келіп, осы жұмыстардың барлығын қадағалап жүрдім. Сондықтан, бұл хаттың астарында арандатушылықтың тұрғаны анық. Бәлкім, оны жерінен айырылып қалудан қорыққан латифундистер, билікті көксеген кландардың мүшелері ұйымдастырып отырған шығар? Хаттың нақты авторының болмауы оның әу баста арандатушылық мақсатты көздегенін көрсетеді. Егер халыққа шын жаны ашитын адам жазған болса, неге өзінің аты-жөнін жасырады? Неге xалықтың алдына шықпай тығылып отыр? Нақты факт, дәлелдері болса, өз атын көрсетіп, ашық диалогке шықпай ма?

– Жаңа заң жобасының халыққа әкелетін пайдасы қандай?

– Қазір ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер жетіспейді. Жеріміз кең, бірақ олар жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. Сондықтан, ауыл тұрғындары қолындағы азғантай қараны қайда жаярын білмейді. Біз аталған заң жобасында әр ауылдың аумағында белгілі бір радиус ішіндегі жайылым жерді жалға бермеу керектігін қарастырдық. Сонымен қатар, ұлан-ғайыр аумақты жалғыз өзі иеленіп алған әрі сол жерді пайдаланбай бос ұстап отырған латифундистерге қарсы шаралар қабылдайтын боламыз. Олардың артық жерін халыққа алып береміз. Тұрғындарға үй салуға арналған 10 сотық жер телімін беру мәселесін оңтайландыру жағы да заңда қарастырылған. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандық азаматтарға жалға беру мүмкіндігін қайта қалпына келтіреміз.

– Латифундизмге қарсы күрес қалай жүреді? Шетелдіктерге және олардың үлесі бар компанияларға жер телімдері беріле ме?

– Бұл Қазақстан тарихында латифундистерге қарсы алғашқы әрі ірі шара болмақ. Мыңдаған гектар жер телімін қоластына шоғырландырып, оны жергілікті тұрғындарға жалға берумен, мемлекеттік субсидияларды иеленумен байып отырған латифундистер бар. Олардың күні батуға таяу. Заң қабылданған соң, жерге беріліп келген субсидиялар тоқтатылады, ал бос тұрған жер телімдері үшін төленетін салық мөлшері 10 есеге дейін ұлғаяды. Бұл жеке адамдардың қолында шоғырланған ауыл шаруашылығы жерлерін қарапайым халыққа қайтарып беруге ықпал етуі керек. Менің ойымша, әлеуметтік желіде аттан салып, қарсылық ұйымдастырып жатқандардың тасасында осындай майшелпектен айырылып қалудан қорыққан латифундистер тұрған болуы мүмкін.

Ал, жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне келер болсақ, шетелдік инвесторлардың үлесі 50% болатын компанияларға бұрын жерді жалға алуға мүмкіндік берілетін еді. Енді, біз ұсынған заңда 50% деген шарт болмайды. Қазақстандық заңды тұлғада шетелдіктердің кез келген үлесі (тіпті, 1% болса да) болса, мұндай заңды тұлғаға ауыл шаруашылығына арналған жер жалға берілмейді. Үзілді-кесілді. Сонда біздің заңымызға кім қарсы және не үшін?

– Бізде кейбір заң жобасы Парламент мінберінде қабылданғанымен, олардың іс жүзінде жүзеге асуы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бұл – ащы да болса шындық. Сіздер ұсынып отырған заң қабылданған соң, оны жүзеге асыру жағы қалай болады?

– Мен осы мәселе жөнінде ҚР Премьер-министріне хат жазған болатынмын. Яғни заң жобасы Парламент оқылымында қабылданған соң, оның орындалуын қадағалайтын арнайы штаб немесе комиссия құрылуы керек. Бұл ұсыныс Премьер-министр тарапынан қолдау табады деп үміттенемін.

– Парламент тыңдалымына ұсынылған заң жобасымен қайдан танысуға болады?

– Осыған дейін мен жекелеген адамдардың электронды поштасына жіберіп келген болатынмын. Әлеуметтік желідегі парақшама да шығарып қойдым. Барлық адаммен ашық диалог орнатып, кез келген сұраққа жауап беруге дайынмын. Сонымен бірге аталған заң жобасымен кез келген адамның adilet.zan.kz порталында танысуына болады.

– Арнайы уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.

 

 Нұрлыхан Қалқаманұлы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button