АймақБалқаш

Қаралы күндер қасіреті – жұрт жадында

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Балқашта бірнеше іс-шара өтті. Шағын шаһардың тұрғындары Литва, Жапон, Эстония елдерінің елшілігінен келген өкілдер БалқашЛагта, қаладағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштің және ашаршылық құрбандарына қойылған белгінің басына барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.

ҚарЛагтың бөлімшесі болған БалқашЛагқа арнайы мемориалды ескерткіш тақта орнатып, абаттандыру жұмыстарын жүргізген Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямада және Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис бастаған шетелдіктер қала сыртындағы лагерьді болашақ ұрпаққа тарихи мекен ретінде насихаттау керектігін сөз етті. Тарихи орынның аумағына мемориал орнату, абаттандыру, қуғын-сүргін көрген адамдардың есімін толықтыру сияқты негізгі мәселелердің ынтымақтастық аясында шешімін тауып жатқандығына ризашылығын жеткізді.

– Қазір орта жастағылар мен жастардың арасында бұл сұрапыл зұлматты ертегі, аңыз деп қабылдайтындар да бар. Қазақ топырағында қасақана жасалған қанқасап – ашаршылық пен репрессия талай отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Менің әкем мен анам жазықсыз жазаланып, осы БалқашЛагта жазасын өтеген. Қазір отаршыл үкімет жүргізген солақай саясат пен қатыгездік, теңсіздік, зұлымдыққа негізделген құпия әрекеттер әшкереленіп, отаршыл үкіметке батыл сын да айтылып жүр. Біз жасап жатқан іс әкемізге, анамызға, барша құрбандарға жасалған құрмет деп білемін, – дейді Вильнюс университетінің профессоры, жобаның архитекторы Альгис Вишнюнас.

Қатысушылар саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың аруағына арнап Балқаш қаласының бас имамы Нұрболат Сейілханұлы Құран оқыды.

Айта кетейік, ҚарЛагтың бөлімшесі БалқашЛагта 1940 жылдары – 650 адам болса, кейін тұтқындар саны 3-4 мыңға жетті. Қазақстанда жапонның 1394 әскери тұтқыны жерленген. Соның елу бірінің жаны БалқашЛагта жай тапқан. Бұдан бөлек әзірге есімі белгілі 271 кәріс ұлтының өкілі, 250 литвалық және басқа да өзге ұлт өкілдері қаралы жылдардың қасіретін Балқаш жерінде басынан кешірді. 

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button