Жаңалықтар

Қара түтін қажытты

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Майқұдыққа жолыңыз түсе қалса, сан қилы көріністерге куә боласыз…

Дәп қазіргі сәтте Майқұдықты, шахтерлер шаһарын қара түтін басып тұр. Қара қошқылы бар, көк түтіні де бар, көгілдір аспан көрінбей кетеді кейде. Қоңырсыған сасық иіс ауаны улап басып кеткен. Түтінге тұншыққан кезде бір жаққа кетіп те қалғың келеді. Бірақ, үйді, күйді тастап қайда бара қоясың?! Балалар үшін отырмыз. Қалай тұншықсақ та, солардың болашағы үшін, немерелеріміз үшін отыруға мәжбүрміз.
Жел болмаған жағдайда халіміз тіпті мүшкіл. Үйден шыға алмаймыз. Мен жарты ғасырдан бері Майқұдықта тұрамын. Осыдан отыз жыл бұрын жағдай жақсы еді. Ешкім от жағып, ауаға түтін тарамайтын. Қазір қалталы азаматтар жекеменшік монша салып, автотұрақ тұрғызып, өзара бәсекеге түскен заман болды. Маңайындағы жағдаймен санаспайды. Түтін, көбінесе, солар тұрғызған нысаннан тарайды. Олар аз болғандай, Майқұдықтың дәл ортасында «Фарт» деген кафе бар. Оның түтіні баяғы ескі паровоздың түтіні сияқты.
Осылай күн кешудеміз. Судан шыққан балықтай дем ала алмай, қара халық қыс бойы қайда барып жан сауғаларын білмейді. Бас-басына жекеменшік монша мен автотұрақ, кафе салған өңкей байшыкештер елдің берекесін кетіруде.
Біз осы хатымыз арқылы қалалық билік өкілдерінен осы мәселеге қатысты шара қолдануын сұраймыз. Әлде міндетті түрде біреу уланып, қайғылы жағдай орын алғанша қарап отыра бересіздер ме?!

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ,
зейнеткер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button