Жаңалықтар

«Қара майордың» қаруласы (очерк)

Батыр болуды көксеген балаң арман

«Жартасты жастанған жасақ» кітабының соңғы нүктесін қойып, қаламын қаңтарған запастағы офицер Амангелді Теміржанұлы креслосын сықырлата шалқайып, ауыр күрсінді. Ауыр ой құрсауынан шыға алар емес. Ол үшін бүгінгі ой құрсауы осыдан 43 жыл бұрынғы Ауғанның Панджшер шатқалындағы жау құрсауына іліккен сәттердегі қатерлі тәуекелдерден де ауыр.
Мына кітапты жазып шығу да оңай болған жоқ.
Сәт сайын өткенді еске түсіріп, көмескілене бастаған көріністерді жадында жаңғырту, қарулас достарының қазасы, елге деген сағыныш, өмір мен өлім белдескен ауыр сәттердің суық суреттері… Осының бәрін ой елегінен өткізіп, хатқа түсіру оңай деймісің?!
Бүгін жеңілдеп қалды. Дегенмен, қанды жорық жолдарын қайта кешіп өткендей күй кештірген бұл кітаптың мехнаты да жеңіл болған жоқ. Қос қолын желкесіне қойып, көздерін тарс жұмып, терең ойға берілді. Көз алдынан кәсіби офицердің беймаза тұрмысы, соғыстың небір сұрапыл эпизодтары өтіп жатыр. Сергек офицердің жүйрік қиялды жетегіне алған көкдөнен көңілі туған жері Көкшетауға бір-ақ тартты. Балдәурен шақтың алаңсыз сәттері, әкенің қамқор пейілі, ананың мейірбан жүрегі ой сергітіп, жан жадыратуға таптырмас дәру екен ғой, шіркін!
…Екінші сыныпта оқитын кезі. Мұғалім:
– Өскенде кім боламыз? Қандай мамандық иесі болғыларың келеді? – деп, жаппай сыныпқа жалқы сұрақ жолдаған. Бүлдіршіндер шулап қоя берді. «Дәрігер боламын!», «Мұғалім боламын!», «Шахтер боламын!»…
– Амангелді, сен неге үндемейсің?
Тікелей өзіне бағытталған сұрақ болмаса, жағының жігі қозғала қоймайтын біртоға бала орнынан шапшаң қозғалып, қаққан қазықтай тік тұра қалды да:
– Офицер боламын! – деді.
Бесінші сыныпта да, жетінші сыныпта да осы сұрақ қойылған. Амангелдінің жауабы өзгерген жоқ. Тіпті, оныншы сыныпта «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жазғанда да «Офицер боламын» деген арманын аялап, бейбіт өмірдегі әскери офицерге қойылатын кәсіби талаптарды тереңінен толғаған.
Мектеп бітіретін жылы Көкшетау қалалық әскери комиссариатына Новосибирск әскери-саяси училищесіне оқуға жіберуін өтініп, құжат тапсырды. Алайда, оның құжаты шатасып ішкі әскер сарбаздарын даярлайтын Ленинград әскери училищесіне кетіп қалған екен. Бұл бас тартты. «Мен ішкі әскер офицері емес, қарулы күштер офицері боламын» деді.
Әкесі Теміржан марқұм ұлының болашақ офицерге тән бірбеткей, табанды мінезін жақсы білетін. Сонда да кешкі ас үстінде:
– Балам, оқуды не істейтін болдың? «Теміржанның баласы оқуға түсе алмады» деген сөзге қалып жүрмейік, – деп, баласының болашағына қатысты маңызды әңгімені бастап жіберді.
– Бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы әскерге барамын!
Амангелдінің жауабы командирдің алдында бұйрық күткен сарбаздың рапортындай жинақы шықты.
– Тым болмаса, биыл кез келген бір оқуға құжат тапсырып, бағыңды сынап көрсеңші. Кейін көрерсің, – деген әке өтінішін жерде қалдырмады. Сол жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтының ауыл шаруашылығы құрылысы факультетіне оқуға түсті.
Бірінші курстың соңында, сессия басталмай тұрған мезгілде деканға өтініш жазып, құжаттарын қайтарып алды. Сөйтті де, өз еркімен міндетті әскери қызметке аттанды. Бұл болашақ полковниктің балаң кезде оянған арманына бір табан жақындаған сәті еді.
Көңіл көкжиегіне қонақтаған сәулелі сәттердің әсері ме, Амангелді жазу үстелінде қанша отырғанын бағамдаған жоқ. Әйтеуір, өмірінің 1981 жылғы 29 қазанға дейінгі кезеңін оймен шолып өткенде, опық жеп, өкінетіндей ештеңе кездестірмеді. Әскери қызмет, үздіксіз жаттығу, Қапшағайда жасақталған «Қанатты гвардия» құрамына қабылданған сәттері… Бәрі-бәрі жадында жаңғырып, көз алдынан кинотаспа кадрларындай зуылдап өтіп жатыр. Есіне түсіргісі келмейтін сәттер де бар. Бірақ, өзінің жүріп өткен жолын айналып өтер амалы да жоқ.

Аңыз адаммен алғашқы кездесу

Новосибирск әскери училищесін үздік бітірген жас лейтенант «Қызыл дипломның» барлық мүмкіндіктерінен бас тартып, өз Отаны – Қазақстанға сұранған. Үздік түлектердің болашақ қызмет орнын таңдау мүмкіндігі зор болатын. Ол Қазақстанды таңдады. Оған да өкінген жоқ. Кезінде өзі мерзімді әскери қызметте болып, азаматтық борышын өтеген 374-мотоатқыштар полкіне (Семей облысы, Жарма ауданы, Гиоргиевка селосы) келді.
Бұл КСРО-ның «Интернационалдық әскери жәрдем береміз» деген желеумен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдаған 1979 жыл еді. Орта Азия әскери округі құрамындағы 155-мотоатқыштар дивизиясынан Ауған шекарасына аттанған екінші эшелонмен Амангелді Теміржанұлы қызмет ететін 374-полк те 1980 жылдың қаңтар айында Термез қаласына келді.
Жолдағы үш тәулік үш жылдай ауыр жылжыған. Алдарында не күтіп тұр? Соғыс тактикасы бойынша теориялық білімі терең, жаттығу машығы шебер жас офицердің жан дүниесін тұмшалап алған қорғасын ойлар жанын қоярға жер тапқызбай келеді. Сонда да, әскери офицер болғанына өкінген емес.
Термезде екі апта болған бұлар да елге қайтуға жиналды. Бас штабтың ұйғарымы солай болса керек. Енді ойлап отырса, бұл да болса Алланың көрсеткен жәрдемі шығар. Ауған даласына алғаш кірген бетте КСРО әскері орасан шығынға ұшырағанын кейін біліп жатырмыз ғой. Ол уақытта ашық ештеңе айтылмайды. Барлығы – құлыптаулы құпия. Тіпті, сенің Ауғанстанға кеткеніңді отбасың да білмей қалуы мүмкін.
Екі аптада алыстан талып жеткен снаряд жарылыстарының дүмпуі болмаса, жақыннан атылған мылтық үнін естімей-ақ Алматыдағы Орта Азия әскери округінің Бас штабына әр әскери бөлімнен жіберілген 40 шақты офицердің бірі болып лейтенант Жантасов та елге оралған.
Бір күні округтің саяси басқармасы кадр бөлімінің бастығы, полковник Полетучий барлық офицерлерді атшаптырым залға жинап, Қапшағайдағы арнайы жасақ туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. «Әуе десанты қызметіне барғысы келетіндер бар ма?» деген сауалға бәрі «Барамыз!» деп жауап берген. Орын шектеулі екенін ескерткен полковник үміткерлерді бір-бірлеп келесі кабинетте отырған екі полковниктің қабылдауына кіргізіп жатыр. Амангелді Теміржанұлы да кірді. Әңгімелесу әскери тәртіп жағдайында өтті. Сұрақ – нақты, жауап – қысқа. Барлығын қабылдап болған соң, қайтадан әлгіндегі залға жинап алды да, арнайы жасаққа қабылданған офицерлердің тізімін жариялады. Алғашқылардың бірі болып «Лейтенант Жантасов» деген дауыс естілді.
Қарулы Күштердің элиталық құрылымы саналатын арнайы жасақ құрамына қабылдану жас офицер үшін бағалы бақыт болатын. Қапшағайға жүрерде арнайы жасақ отрядының командирі майор Борис Керімбаев екенін естіді.
Қапшағайдағы әскери өмірдің алғашқы күні. Жас лейтенант бақылау-тексеру бекетінен өтіп, әскери бөлім аумағына енгені сол еді, өзара қауқылдасып, шылым шегіп тұрған бір топ офицерді көзі шалды. Ортасындағы қара бұжыр майордың сұсты жанарынан оқша қадалған сес Жантасовтың бойын селт еткізді. Мына көзқарасқа селт етпеу мүмкін емес еді. Өңі жас көрінгенімен, қарлығыңқы үні майордың талайды көрген әккі офицер екенін танытып тұр. Сол қарлыққан үннің орысшалап:
– Кто такой? – дегені де құлаққа түрпідей тисін. Әскери тәртіптің аты – әскери тәртіп. Мың жерден бейтаныс болса да, өзіңнен шені жоғары офицерге оң қолыңды шекеңе қойып, өзіңді таныстырып, келу мақсатыңды баяндауың шарт. Бұл да сол тәртіптен жаңылған жоқ. Содан кейін ғана майордың түсі жылып, жанарына мейірім ұялады. Ал, Амангелді Жантасов бұл майордың арнайы жасақ командирі Керімбаев екенін жазбай таныған.
Командир Керімбаев жас лейтенантты ертіп, өзінің құс ұясындай кабинетіне алып келді. Кабинет дегенде де, жайнап, жарқырап тұрған ештеңе жоқ. Командир есік ашқанда есек шыңғырғандай дауыс келді құлағына. Екеуі еденді басқанда, тақтайдың екінші басы маңдайларына тиетіндей сескеніп қалды. Командир отыратын ескі кеңсе үстелінің беті – жауыр аттың арқасындай. Өзі отырмас бұрын қарсы алдындағы орындықты нұсқап:
– Отырыңыз, лейтенант! – деді. Жантасовтың жаны жайланып, көңілі орнына түсті. Жөн сұрасты. Керімбаевтың әскери өмірден тәжірибесі мол екені көрініп тұр. Ойы – жинақы, сөзі – салмақты. Кең отырып кеңесін айтты. Әңгіме соңына қарай біршама уақыт үнсіз отырып, жас лейтенантқа байыппен үңіле қарап отырды да:
– Жолдас лейтенант, мен Сізді техникалық рота командирінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары етіп тағайындаймын. Осы сәттен бастап Сіз – замполитсіз! Арнайы жасақ құрамына қабылдануыңызбен құттықтаймын! Есіңізде болсын, арнайы жасақта барлық лауазым иесі жауынгерлік жауапкершілікте болады. Саяси жетекші екенмін деп босаңсымаңыз! Сын сағатта қару асынып, сапта тұратыныңызды ұмытпаңыз! Сәттілік тілеймін! – деп, қолын ұсынды. Енді болмаса, жас лейтенант оң қолын шекесіне қойып: «Құп болады, жолдас командир!» деуге ыңғайланып жатыр еді. Өзінен жасы да, шені де үлкен командирдің әскери тәртіпке жат дағдымен қол ұсынғанына ыңғайсызданып қалды.
Қол алысқанда, Керімбаевтың қарулы екені бірден аңғарылды. Лейтенанттың қолын қысыңқырап жіберді. «Мен сендерді осылай ұстаймын!» деген емеуріні шығар, бәлкім.
– Бар, алтыншы ротаңды тауып ал!
Аңыз адаммен алғашқы кездесудегі әңгіме осымен тәмам болды.

Ұзату тойына кешіккен күйеу жігіт

… Дастарқан басында да ойдан арылар емес. Қою күрең шәйді баптап құйып, нәзік қимылмен ұсынған асыл жары Баянның қылығына сүйсіне қарап отырып, екі жақты әбден әбігер қылған екеуінің үйлену тойы есіне түсіп кетсін.
…Училище бітіріп келіп, Георгиевкадағы әскери қызметтің алғашқы демалысында үйленуге уағдаласқан. Демалыс алысымен, құстай ұшып Қарағандыға жетті. Көкшетаудан әке-шешесі де жетті құдалыққа. Анасы Қалима марқұм өзінің бір ағасын ерте келіпті. Қайын жұрты – Қарағандыға белгілі Исағұловтар әулеті. Құдалық дүркіреп өтті. Екі жақ бәтуаласып, той күнін де белгілеп тастады. Ертесіне Теміржан ақсақал мен Қалима шешей пойызға отырып, ауылға тартты. Офицер күйеу «Қарағанды» қонақ үйіне орналасқан. Таң ата қалыңдық телефон шалып, үйге телеграмма келгенін айтты. «Шұғыл түрде әскери бөлімге оралуын» бұйырыпты.
Асығыс жуынып-шайынып алып, әуежайға тартқан. Баян шығарып салды. Ауылға әуежайдан телефон соғып, мән-жайды баяндады. «Тойдың уақытын шегеруге тура келеді», – деп, әке-шешесіне әскери қызметтің тәртіп-талабы осылай болатынын ғана айтты. Бұл шақыртудың күдік тудырып тұрған негізгі себебін бүгіп қалды. Ол себепті жайлап қана Баянға жеткізді.
– Бізді соғысқа жіберетін шығар. Бірақ, сен қорықпа. Соғысқа барсам да, мен – саяси жетекшімін, штабта боламын. Не Ауғанстанға, не Қытайға баратын шығармыз. Екі елде де саяси ахуал ушығып тұр ғой. Қайда жіберсе де, саған телеграмма саламын. Егер «Алматыға кеттім» десем, ол – Ауғанстан. «Қостанайға жіберді» десем, ол – Қытай. Шартты белгіміз қазақ қалаларының бас әріпі болады. Сол арқылы менің қайда кеткенімді білесің, – деп, қалыңдығын қимай-қимай, «Қарағанды-Семей» рейсіне отырды.
Георгиевкадағы әскери жиын, Ауғанстан сапары, Термездегі екі апта, Қапшағайдағы арнайы отрядтың жасақталуы… Қым-қуыт әскери өмірдің қарбаласымен жүргенде, тойдың алғашқы белгіленген уақыты өтіп кетті.
Арнайы отряд толық жасақталып, қызметке қызу кірісіп кеткен. Рота командиріне ептеп жағдайын айтты.
– Менің құдалық жасап, сөз байласқан қалыңдығым бар. Бір белгіленген тойымыздың мезгілі өтіп кетті. Қалыңдығыммен хат алмасып, сөйлесіп отырмын. Ол түсінеді. Бірақ, қайын жұртымнан «Жеңілтек жігіт екен. Қызымызды алдап кетті» деген әңгіме шығып жатыр екен. Маған қысқа мерзімге демалыс беріңіздер. Мен үйленіп, тойымды өткізіп келейін.
– Лейтенант Жантасов! Сенің үйленгенің не? Біз – арнайы мақсаттағы отрядтың жауынгеріміз. Бізге отбасын құру емес, Отанды қорғау жүктелген. Егер, нақты баруым керек десең, саяси басқарма бастығынан рұқсат ал, жіберейін.
Тығырыққа тірелді. Тәуекел етіп, басқарма бастығына барды. Одан да тура рота командирі айтқанды естіп қайтты. Енді не істеу керек?
Бастықтарға тағы өтініш жасады. Ақыры «Егер, төтенше жағдай бола қалса, жауапкершілікті өз мойныңа аласың. Біз «қашып кетті» дейміз. Ал, сен келгенше барлығы тыныш болса, онда бақытты бол! Бір апта уақыт беремін, барып кел», – деген жартылай рұқсатты алып, жолға қамданды.
Тура ұзату тойы күні жолға шыққан. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бақытқа апарар бағыттың рейсі кешігіп жатыр. Ырымшыл қазақтың баласы ғой, көңілге күдік ұялай бастады. Алайда, бақытқа жету оңай еместігін де жақсы біледі. Әуежайдағы радиожелі «Алматы-Қарағанды» рейсіне тіркеу басталғанын хабарлағанда, Қарағандыда ұзату тойы басталып кетті. Бұл қайталап телефон соғып, «Тойды бастай беріңіздер. Мен үлгеріп келуге тырысамын» дегенді айтады. Ұшақ бауыры Алматы әуежайынан көтерілгенде тойдың басталғанына бір жарым сағат болған. «Әбден мазақ қылайын деген екен. Бұл офицер күйеу келмейді. Көресіңдер» деген секілді ағайынның сыпсың сөзі той үстінде да сыбырлап айтылып жатыпты. Баяннан көңіл-күй, құдалардан сабыр кеткен. Той қонақтары екінші дастарқанға жайғаса бергенде күйеу жігіт те жетті-ау…
Сол күні қалыңдығын ұзатып алып, ертеңіне Қарағандыда заңды некелерін қидырып, Көкшетауға тартты. Ол жақтағы үйлену тойларын да тездетіп, бес күн дегенде Қапшағайға жеткені бар.

«Екінші мұсылман батальоны» сапында немесе Панджшердегі 700 күн

Оқу-жаттығу шараларының барлық кезеңін үздік өткерген Керімбаев отрядының тағдыры – Мәскеудің қолында. Қатардағы сарбаздар түгілі офицерлерге де беймәлім. Болжам ғана бар. Бұл кезде Ауғанстан мен Қытайдағы жағдай шиеленісіп тұрған. Біреулер арнайы жасақты «Қытайға жібереді», енді бір ақпар «Ауған асырады». Қайда барса да, Керімбаевтың арнайы жасағы тастүйін дайын. Бұл кезде лейтенант Жантасов аса маңызды мақсаттағы 2-рота командирінің орынбасары болып ауысқан. Үш-төрт ай замполит болып істеген алтыншы рота отрядты техникалық тұрғыдан қамтамасыз ететін қосалқы құрылым болса, бұл 2-рота – нағыз жауынгерлік құрам.
Қазан айының соңғы күндері. Барлық әскери техникаларды артып, жеке құрамға өздеріне тиесілі әскери құралдарын жинақтау тапсырылды. Себебін күзгі оқу-жаттығу жиыны Отар полигонында өтеді деп қана түсіндірді. Сондай-ақ, отрядтың барлық мүшелеріне салтанатты жағдайда киетін формаларын да алу жүктелді. «Оқу-жаттығу жиынының соңында салтанатты сап түзеу шарасы өтеді. Сонда киесіңдер» дегенді ғана айтты. Ал, шын мәнінде салтанатты форманы қаза тапқан жағдайда табытқа саларда кигізу үшін алдырғанын кейін білді офицерлердің өзі.
Эшелон Отарға тоқтамай өткенде ғана отрядтың Ауғанстанды бетке алғанын түсінді.
Қара күзде шекарадан өтіп, Ауған асуының алғашқы бекеті Андхойдан асқан бетте моджахедтер шабуылына ұшыраған «Екінші мұсылман батальоны» екі жыл бойы ауған көсемі Ахмад шах Масудты ақылынан алжастыратындай әккі тактикаларымен аңызға айналды. Арнайы жасақ командирі Борис Төкенұлы Керімбаевтың да даңқы аспандап, Ахмад шах «Панджшер арыстаны» атанса, Керімбаев «Панджшер королі» атанды. Құрбашы, даңқты дала командирі Маулана Қараның жойқын соққыларына шебер тактикалық тойтарыс берген қазақ командиріне Ауған халқының өзі «Қара майор» деген лақап ат берді.
«Қара майор» әскерінің Ауған жеріндегі алғашқы ұрысының өзі толассыз 11 сағатқа созылған екен. Шатқалдың тар өткелінен әскери техникалар мен қару-жарақ тиелген автоколоннаны аман алып өту қияметтің көпірінен өтумен пара-пар болғанын «Қара майор» өзінің «Қапшағай батальоны» атты кітабында жазған болатын.
Алғашқы ұрыста 8 сарбазы жараланып, 2 жауынгері қаза тапқан майор Керімбаев ендігі жерде адам шығынына жол бермеуге бекінді. Иә, «Қара майор» соғыс тактикасында барлау арқылы шабуыл жасауға маманданған. Тау шатқалына бекініп алған жау ұяларын жалаң қол ұрыс, шала жоспарланған шабуыл арқылы алу мүмкін еместігін Ауғанстан топырағына табаны тиген сәтте түйсінген.
Панджшер шатқалы үшін болған шайқастың бірінде де «Қара майордың» тәсіліне төтеп бере алмаған Ахмад шах Масудтың өзі Керімбаевтың ерлігін мойындайтынын паш етіп, оның басына 1 миллион доллар тіккені ХХ ғасырдың ең мәжбүрлі мәлімдемесі болғанын айтпасқа болмас. Панджшер шатқалын уысынан шығарып алған Ахмад шах ауған халқы алдында «Бір айда «Қара майордың» күл-талқанын шығарып, Панджшерді қайтарып аламын!», – деп, құран ұстап ант бергені де Ауған соғысының аңызына айналғанын жақсы білеміз. Ол да мүмкін болмады. Шатқалдан күдерін үзген Ахмад шах ақыры Кеңес әскерімен келісімге келуге мәжбүр болды. Келіссөзге «Қара майор» да барады. Келіссөзге келгендерді қарсы алған Ахмад шах әскерінің бас барлаушысы, Ауған көсемінің ең сенімді серігі Азмуддин «Қара майорды» көріп таң қалған екен. «Сенің басыңа қыруар ақша тігілгенін біле тұра, келіссөзге қорықпай қалай келдің?», – депті, таңданысын жасыра алмай. Сонда Керімбаев «Менің отрядымдағы әр сарбаздың басы 1 миллион доллар тұрады», – деген екен еш ойланбастан.
Отрядқа сол сәтте тараған «Қара майордың» бұл сөзі қаруластарын ерекше жігерлендіріп еді. Замполит Жантасов та сарбаздарға:
– Көрдіңдер ме? Командир бізді қалай бағалайды?! Сол сенім, сол құрметке лайықты болуымыз керек! – деп, рухтандырғаны есінде.
…Бүгінгі полковник Амангелді Жантасов өзінің «Жартасты жастанған жасақ» атты кітабында «Мен қызмет еткен екі жыл ішінде біздің отрядтан небары сегіз жауынгер қаза тапты. Әрине, сегіз жауынгердің қазасы – олардың отбасы үшін ауыр қасірет. Ал, жүздеген, мыңдаған сарбаздың өмірін қатерге тіккен шатқалдағы шайқастың қаншалықты ауыр болғанын көрген біздер үшін бұл да – шүкіршілік етерлік статистика. Тірі қалғандардың бәрін біздің командирдің соғыс тактикасы мен қатаң талабы қорғап қалды», – деп жазған еді.
Ахмад шахты қуып шыққаннан кейін шатқалды ұстап тұру қайтадан «Қара майорға» тапсырылған. Ол бас тартқысы да келіпті. Бірақ, Керімбаев кетсе, отрядқа басқа командир тағайындалады. Ол отрядты қыруар шығынға ұшыратса ше? Өз жігіттерінің амандығы үшін «Қара майор» Панджшерді бір ай ұстап тұруға келісім берген. Алайда «Қапшағай батальоны» шатқалда сегіз ай тұрды.

***
…Омырауында жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордені мен тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордені және бірнеше медаль жарқыраған Ауған соғысының ардагері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер ардагерлері кеңесі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, полковник Амангелді Жантасов мектеп оқушыларымен патриоттық тәрбие мәселелері бойынша кездесу өткізіп отыр. Бір оқушы:
– Ауған соғысында басыңыздан өткерген ең қауіпті сәт туралы әңгімелеп беріңізші, – деді.
– Соғыстың әр сәті, әр минут, әр секунды – қауіпті. Аты аңызға айналған «Қара майор» отрядының сапында қызмет еттім. Біздің жасақ әйгілі Панджшер шатқалын сегіз ай бойы қорғап тұрды. Осы уақытта үрейсіз өткізген бір минутымыз болған жоқ. Алған жарақатымыз жазылды. Ал, жүректегі жара мәңгілік жазылмайды, – деп жауап берді «Қара майордың» қаруласы.
Иә, миллиондаған жүрекке Ауған қасіреті салған жара жазылған жоқ.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button