Руханият

Қара өлең қалықтаған күн

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Қарағандыдағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты әдеби-сазды кеш дүркіреп өтті. Мәдени іс-шара Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлының идеясы негізінде қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған. Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы бастаған арқалы ақындар күндей күркіреп өлең оқыса, Арқаның дүлдүл әншілері Мұқаңның өлеңіне жазылған әндерді шырқады. 

Кеш басында Мұқағали ақынның образы сомдалып, өлеңі оқылды. «Айналаға қарайық анық барлап, Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ. Не туралы жырласақ Фариза-қыз, Бағыштайық бәрін де халыққа арнап» – деп жырлаған ақын туралы Фариза Оңғарсынованың пікірі, оқыған өлеңі және таспаға басылған Мұқаңның өзі оқыған жырлары экраннан жұрт назарына ұсынылды. Екі ақынның замандас әрі рухтас дос болғанын ел біледі. Сондықтан да жылы қабылдады. 

«Поэзия тумайды жайшылықта, Поэзия тулайды қайшылықта» деген Мұқаң. Ақын дегеніміз – бойындағы пенделікті быт-шыт қылып жеңген азамат деген сөз. Поэзияға басқаша анықтама беруге болмайды. Мұқаң туралы түрлі қаңқу сөз бар. Бұл оның ақындықты белі қайысып жүріп көтергенін аңғартады. Мен онымен Алматыда бірге жүрдім. Адамзаттан бөлек жаратылған ақын еді. Мұқағалидың тұсында да Тұманбай, Өтежан, Жұмекен, Сағи сынды керемет ақындар болды. Мұқаң ешқайсына ұқсамайтын. Қазір менің есіме кеше ғана өмірден өткен Сейіл Аяған бауырым мен Кәмел Жүністегі ағам түсіп тұр. Сол марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алайық» – деп Серік Ақсұңқарұлы «Мәрмәр Пушкин, мен саған жат емеспін» деген атақты жырын оқыды.  

«Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма, Жүрегіңді өртеп дерт жаншымай ма? Махаббатқа арнап бір ән шығарсын, Шәміл-ау, Шәмші қайда, Шәмші қайда?» деп Мұқаңның өзі жырлағандай, кеште ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Саят Әбдіғали, Саян Бөдес сынды Арқаның күміс көмей әншілері тамылжыта орындады.  

Ендігі кезек аға буын ақындар Серік Сағынтай, Тілеген Әділов, Қайрат Асқар, Сұлтан Дәулетханға келді. Тілеген Әділдің Сейіл Аяғанға арнап жазған өлеңі жұрттың көңілін толқытып, көзіне жас үйірді. 

– Бұған дейін қалалық әкімдікпен бірлесіп, «Қарашада өмір тұр» атты ауқымды поэзия кешін өткіздік. Бұл шара – соның жалғасы. Осы кешке алдыңғы жолы қатыспаған ақындарды тартуға тырыстық. Алдағы уақытта да Арқа төсінде, Қарағанды төрінде мұндай кештер жиі өтетін болады. Қолдаушыларға алғыс, ақындарға шабыт тілеймін, – деді Жанат Жаңқашұлы.

«Ақынды ақын оятпаса, болмайды, Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы» демекші, тағы да бір топ ақын толқын-толқын болып, екіге бөлініп жыр оқыды. Алдымен, сахнаға Ерқанат Кеңесбекұлы, Қуаныш Медеубаев, Таңсәуле Әгенқызы және осы жолдардың авторы көтерілсе, кейін Еркебұлан Елеусізұлы, Әділет Шөпен, Ерік Нарын, Салтанат Қайырбек, Кәмшат Хасен өлең оқып, көпшілікті бір серпілтті. 

Бұдан бөлек, кешке көрермендер де үлес қосты. Мұқаңның өлеңін іліп әкетіп оқып, Серік Ақсұңқарұлының жыр жинағына ие болды.

Ал, Арқаның арда күйшісі Мадияр Сүлейменов орындаған Секен Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйі өлеңнен алған әсерді жүрекке сіңіріп жатты. 

«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, толқын-толқын жыр оқылған поэзия кеші өте әсерлі болды. Кештің соңына дейін қонақтар кетпей отырды. Мұқаңның әндерін қосыла шырқады. 

«Болашағым, сенімен бірге өсемін, Мен сенің үніңменен үндесемін» дегендей бүгінгі кешке №61 мектептің оқушысы, Қарасазда өткен республикалық Мұқағали оқуларының жеңімпазы, ақынның 130 өлеңін жатқа білетін Нұрғасыр Изат қатысып, шайырдың туған күн хақындағы жырын жатқа оқыды. 

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар» деп ән құдіретін қалай дөп басқан ақын. Кеш соңында Арқаның талантты әнші қызы Арайлым Жүкенова Мұқағали ақынның сөзіне жазылған «Жас қайың» әнін шырқады. Арқа төсін дүбірге бөлеген кеш жүректерге ізгілік нұрын сеуіп, ақындарға шабыт сыйлағандай.

Жәлел ШАЛҚАР.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button