АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандының жолдары қысқа қаншалықты дайын?

Қылышын сүйреткен қыстың келуіне де аз қалды. Арқаның ақ түтек боранында автожолдарға ерекше назар аударылады.

Ағымдағы жылы 58 мердігер ұйым аймақтағы жолдарда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 1200-ге жуық адам және 1000-нан астам техника жұмылдырылады. 1-қарашадан бастап жол пайдаланушы ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте қыс мезгіліне жолдарды дайындау мәселелері қызу талқыланды. Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов осы уақытқа дейін қандай жұмыстар жасалғанын және әлі де қандай жұмыстар атқарылуы керектігін мәлімдеді.

– Автожолдарды қысқы кезеңге дайындау үшін жол жиектерінен шөп шабылды, жер төсемінің жиектері мен беткейлерінде бұталар мен жабайы өсімдіктер кесілді, сондай-ақ жол-пайдалану техникаларына жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта су өткізгіш құбырлардың саңылауларын жабу, жанар-жағармай материалдары мен қажетті құралдарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Облыста ұзындығы 241 км болатын 122 жиі қар басып қалатын учаске бақылауға алынды, – деп хабарлады Мақсұт Қожанов.

Көктайғаққа қарсы материал, құм және тұз дайындалуда. Жолдарда қосымша мыңға жуық уақытша ескерту белгілері орнатылады. Автокөлік жүргізушілері қолайсыз ауа-райында паналай алатын 35-тен астам жылыту пункттері мен өндірістік үй-жайлар ашылады.

Қарды бөгеттейтін қалқандар мен қоршауларды орнатумен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ айналысады. Жыл соңына дейін 12 бірлік аралас жол машиналарын сатып алу жоспарланған.

Сондай-ақ, қысқы кезеңге дайындық туралы қалалар мен аудандардың әкімдері есеп берді. Атап айтқанда, Қарағандыда қыста 300-ден астам арнайы машина мен 360 жұмысшы жолға шығады.

Аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне, жолаушылар көлігі басқармасына, «ҚазАвтоЖол» филиалына, полиция және ТЖ департаменттеріне барлық қарлы учаскелерге ерекше назар аударуды тапсырды.

– Көлік құралдарының қозғалысы үздіксіз болуы үшін қар тазалау техникасының уақтылы шығуын қамтамасыз ету қажет. Облыс жолдарындағы жедел ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу керек. Ауа-райының нашарлауы кезеңінде автокөлік құралдарының шалғай елді мекендерге шығуына жол бермеу қамтамасыз етілсін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz

Суреттерді түсірген: Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button