Қарағандылық жас өнерпаздар халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болды

Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектебінің оқушылары XVIII Халықаралық Аstana-Merey байқауында үрмелі және ұрмалы аспаптарда орындаушылар арасында үш екінші, алты үшінші орын және он екі дипломмен марапатталды, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Байқаудың мақсаты – талантты балалар мен жарқын педагогикалық жұмыстарды анықтау және қолдау, түрлі музыкалық білім беру мекемелері оқытушыларының шығармашылық тәжірибе алмасу мүмкіндігі, Халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және кәсіптік оқыту деңгейін арттыру.

Музыкалық жарыста Қазақстанның, Ресейдің және Өзбекстанның түрлі өңірлерінен келген 247 жас талант өз шеберліктерін танытты. 

– Біздің мектептен 30 оқушы қатысты. Байқауда орындаушылық жағынан күрделі болды. Ресей мен Өзбекстаннан келген мықты қарсыластар болды. Жапондық Мурамацу флейталары секілді керемет аспаптарда ойнады. Бұл да өзіндік маңызға ие. 

Ал біздің балалар кәдімгі қытай флейталарында ойнады. Бірақ соған қарамастан, олар лайықты өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Байқау нәтижелері бізді қатты қуантты. Бізде үш екінші, алты үшінші орын және он екі диплом бар. Енді бізге жаңа барабан қондырғысын сатып алу жағы қарастырылуда , – деді МММИ үрмелі және ұрмалы аспаптар бөлімінің меңгерушісі, флейта сыныбы бойынша оқытушы Жанат Оспанова.