Қарағандылықтар – құрамада
Алматы қаласында ұлттық ойындар және ат спорты түрлерінен ел чемпионаты өткен-ді. Облыс құрамасы көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу бойынша жарысқа түсті. Аймақ спортшылары айтарлықтай жетістікке қол жеткізді.
Жамбы атуда сынға түскен қарағандылық Талғат Омарбаев ІІ орыннан көрінсе, аударыспақта Дархан Дулатұлы ІІІ орынға ие болды. Аталған спортшылар ұлттық құрама сапына енді. Енді, халықаралық додаларда ел намысын қорғайды.
Көкпар бәсекесінде облыс командасы 16 ұжым арасында жетінші нәтиже көрсетті. Сөйтіп, қарағандылық «Құйын» және «Сарышаян» атты қылқұйрықтар көкпардан ел құрамасына алынды. Тұлпарлардың иесі – бапкер Нұрлан Намысов.
Чемпионат қорытындысында Қарағанды құрамасы VІІ орынға тұрақтады. Құраманың бас бапкері – Шаризат Қазтаев.
Нұрқанат ҚАНАФИН