Қарағандылық әскери қызметшілер қырағылық танытты
Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының 3 қызметкері сержант Жандос Айтқали, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанат өртке оранған пәтерден 5 жасар баланы құтқарып қалды. Әскерилердің бұл ерлігін кәугерлердің бірі бейнетаспаға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге жариялап жіберген.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің таратқан мәліметінше оқиға 25 тамыз күні таңертеңгі уақытта болған. Қызметке бара жатқан әскери қызметшілер тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінің отқа оранып, түтін шығып жатқанын байқаған.
– Көшеде біз үстіндегі киімімін күйік шалған 6-7 жас шамасындағы баланы көрдік. Ол бізге інісінің үйде қалғанын айтты. Әріптестерімнен мені сыртта күтуін өтініп, өзім терезеден пәтерге кірдім. Қатты түтіннен көзім жасаурап кетті. Ауа жұту үшін терезеге бірнеше рет жақындауыма тура келді, суға малынған орамал мен фонарь алып қайта кірдім. Үшінші мәрте кіргенімде ғана түпкі бөлмеде мысығын құшақтап, қорқып отырған баланы тауып, қауіпсіз жерге шығардым, – дейді сержант Жандос Айтқали.
Әскерилердің әбжіл қимыл мен қырағылық танытуының арқасында 5 жасар бала өлімнен аман қалған. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, өртті ауыздықтаған. Өрттің шығу себептері анықталуда.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz