Ресми

Қарағандылық кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріледі

Төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында Қарағанды облысында  жылдық мөлшерлемесі 8% болатын жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы қабылданды. Қазірдің өзінде алғашқы жобалар қаралып, банктер несие беру туралы шешім шығарған. Бұл туралы селекторлық режимде өткен аппарат кеңесінде облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева мәлімдеді. 

 – Бұл ретте жеңілдетілген несие беру бағдарламасында ешқандай салалық шектеулер қарастырылмаған. Тіпті қызметкерлерге жалақы төлеу, шарттық міндеттемелерді орындау үшін де несие алуға болады, – деп атап өтті Татьяна Аблаева.

Осы орайда,  облыста кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету штабы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Оның құрамына кәсіпкерлер палатасы мен басқарма мамандары кіреді. Күн сайын штабқа 250-ден астам қоңырау келіп түседі. Оның ішінде оқиға орнына шығу арқылы шешілетін мәселелер де бар. Штаб мамандары бүгінге дейін 4 мың өтініш қабылдаған.
Қарағанды қаласының ірі сауда орталықтарының иелері ТЖ режимі аяқталғанға дейін жалдау ақысын тоқтатты. Екінші деңгейлі банктер бизнес өкілдерінің несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға дайын.

Татьяна Аблаеваның айтуынша, жұмыс істемей қалған кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлері 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер алу үшін өтініш жасауда.

 

Басқа материалдар

Back to top button