Қарағандыда жаңа вирусологиялық зертхана ашылды

Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында қосымша вирусологиялық зертхана ашылды. Онда ПТР әдісімен (полимеразды тізбекті реакция) COVID-19 инфекциясына талдау жүргізіледі.

Жаңа зертхана коронавирустық инфекцияға ауқымды тестілеу жүргізуге көмектеседі. Әзірше, қауіп тобындағы адамдар — медицина қызметкерлері, вирустық инфекциясы бар жүкті әйелдер, тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қамқорлығындағы адамдар, казармалық режимде тұрған әскери қызметшілер анализ тапсыра алады.

Сондай-ақ, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті COVID-19 даму механизмдеріне және осы ауруға иммунитетті қалыптастыруға арналған ғылыми зерттеулерде бірегей молекулалық-генетикалық зертхананы іске қосуды жоспарлап отыр.

Аймақта пульмонологиялық орталықтар жұмыс істейді. Олардың жұмысының арқасында 14 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Науқастардың барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай оқшауланып, инфекциялық стационарларға ауыстырылды.

Қарағанды облысына вируспен күрес жүргізудегі тәжірибесімен бөлісу үшін Қытайдан дәрігерлер командасы келді. Оның құрамына инфекционистер, пульмонологтар, нефрологтар, қарқынды терапия дәрігерлері және бас медбике кірді.

Қытай мамандары Қарағанды медицина университетінде конференция өткізді. Сондай-ақ, дәрістер оқиды және мастер-класстар өткізеді, тәжірибелерімен бөліседі.

— Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі жақсы деңгейде, дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары, заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы жақсы. Қазір жұқпалы аурумен күресте ең бастысы — алдын алу. Бұл жағдайда Қазақстанның барлық халқы ТЖ және карантин режимінің шарттарына құлақ асу керек, — деді Қытай делегациясының мүшесі дәрігер Лу Чен.

Делегация Қарағандыда 18 сәуірге дейін болады. Қытай дәрігерлері қашықтан кеңес беруге қатысады және коронавирустық инфекциямен күресу үшін медициналық мекемелердің жұмысын тиімді ұйымдастыру бойынша кеңестер береді.