Жаңалықтар

Қарағандыда зауыттар қайта жаңғыруда

Қайта жаңғыртылған “Qaz Carbon” зауытында 1200 жұмыс орны құрылып, шамамен 3 млрд. теңге салық төленеді және 100% қазақстандық қамту жолға қойылды. Жаңа инвесторлардың келуімен Қарағанды құю зауыты “Qaz Carbon” ЖШС құю зауыттарының бірлестігі болып қайта аталды.

Қазіргі уақытта зауытта ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Ескірген жабдықтар, оның ішінде, 60 жылға жуық құю цехында жұмыс істеген окс вагранкалары ауыстырылды. Қоршаған ортаға зиян келтірмей, жоғары сапалы шойын мен болат шығаруға мүмкіндік беретін жаңа индукциялық пештер орнатылды. Жаңа жабдықта алынатын қорытпада зиянды қоспалар әлдеқайда аз.

“Тәулігіне зауытта 140 тоннаға дейін сапалы құю өнімдері шығарылады. Ол өнімдер – машина жасау, энергетика, тау-кен металлургиясын жандандыруға арналған және елдің теміржол саласына қажетті жабдықтар. Мысалы, бұл – локомотивтерге арналған тежегіш қалыптарын жасайтын облыстағы жалғыз кәсіпорын. Өнім Қазақстанның, Ресейдің және ТМД-ның басқа да ірі өнеркәсіп компанияларының қажеттілігін өтеуге қауқарлы. Болашақта компания өз жеткізілімдерінің географиясын кеңейтеді”, – деді “Qaz Carbon” компаниясының акционері Ерлан Нығматулин.

Бүгінде кәсіпорын бірегей болып табылады. Мұнда соңғы буын энергиялық тиімді және экологиялық таза әзірлемелер енгізілуде. Барлық процесс автоматтандырылған. Ол зауыттың жұмысын экономикалық тиімді етеді. Жаңғырту аясында басымдық мүлдем жаңа технологиялар трансфертінің көмегімен еңбек өнімділігін арттыруға беріледі. Жоба толығымен жеке инвестициялар, оның ішінде, шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.

“Қазақстан нарығындағы сұранысты ескере отырып, біз құю өнімдерін өндіруді арттыруға негіз бар деген қорытындыға келдік. Қазіргі уақытта жоғары қосылған құнмен өнім алу үшін өндірісті жаңғыртудамыз. Қазақстанның осы бағытта зор әлеуеті бар. Атап айтқанда, дамыған инфрақұрылым, тамаша шикізат базасы мен сапалы кадрлары бар. Осы факторлардың барлығы біздің компаниялардың дамуын қамтамасыз етеді”, – деп атап өтті “Qaz Carbon” компаниясының акционері Давид Кемертелидзе.

“Qaz Carbon” ЖШС-і ірі көлемді құйма шығаратын жаңа цех салуды жоспарлауда. Ал, бұл болса, Қарағандыда жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болмақ.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button