«Тіл жанашыры» сыйлығының иегерлеріне марапат табысталды

Кеншілер астанасында Қазақстан халқының тілдер күні мерекесіне орай Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. 8 номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тілдерді дамытумен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу және оларға қолдау көрсету мақсатында ұсынылатын Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде Қазақстан халқының тілдері күніне орай өткізіліп келе жатыр. 11 жыл ішінде барлығы 400-ден астам адам қатысуға ниет білдіріп, қызмет саласында тілге жанашырлығын дәлелдеп жүрген озаттар марапатталды. Биыл «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссия 8 номинация бойынша қатысуға ниет білдірген 35 адамның жұмысын қараған.

Салтанатты шарада Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов құттықтау сөз сөйледі. Бұл шараның маңызын, ана тілін дамытуға барынша жағдай жасалып, мемлекеттік тілді дамыту, қолдану аясында тіл оқыту жұмыстары, үздік әдістемелер жетілдіріп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары «Тіл жанашыры» сыйлығының бас аталымы «Тіл майталманы» номинациясы бойынша Облыстық тілдерді дамыту орталығының директоры Алмагүл Игеноваға марапат табыстады. Марапат иесіне арнайы статуэтка, диплом және 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясы бойынша «Тіл жанашыры» сыйлығы BioHumus ғылыми білім беру орталығының жетекшісі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD доктор Арайлым Серікбайға табысталды.

«Тіл білгірі» номинациясымен мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілі, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндег іорынбасары, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ольга Тим марапатталды.
Ал, Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова «Үздік оқытушы» номинациясы бойынша «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері болды.

Мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін жүйелі әрі сапалы жариялағаны және материал беру бірегейлігі үшін берілетін «Тіл жаршысы» номинациясымен әлеуметтік желіде 54 мың оқырманы бар блогер, журналист, әріптесіміз Айсұлтан Жақып марапатталды.
Тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы мәселелерді көтерген арнайы, сапалы телехабарлар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берілетін «Үздік телехабар» номинациясы «Saryarqa» телеарнасының шеф-редакторы,  танымал журналист Гүлбақша Ақажановаға бұйырды.

Ал,  Шет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзада Махмұтова «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

«Жас полиглот» номинациясында Теміртау қаласы №9 лицейінің шет тілі пәнінің мұғалімі Данияр Жаңабаев жеңіске жетті.
Барлық жеңімпаздарға арнайы статуетка, диплом және 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.

Гүлнұр Серікжанқызы,

«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.