Қарағанды қаласында бүгін таңертең сағат 5.20-дан бастап су тоқтап қалды. Ал, қазір апатқа байланысты сөндірілген суық су Қарағандының барлық аудандарында қайта қалпына келтірілді. Тек Ақтас кентінің тұрғындары ғана әлі сусыз отыр. «Қарағанды су» ЖШС өкілдері жағдайға қатысты пікір білдірді.
– Бүгін, 5 тамыз күні сағат 03:30 кезінде «2-аймақ» сорғы станциясында орталық дабыл қағылды. Сағат 05:17-де «Шығыс» қосалқы стансасынан «2 аймақтық» станциясының электр қуаты толықтай үзілді. Сорғы станциясы орналасқан №14 және 39 фидерлердің екеуі де сөніп қалды. Сағат 08:07-де №14 фидерден кернеу берілді. Сорғы қондырғылары іске қосылды, – деді «Қарағанды су» ЖШС бас энергетигі Д.В.Калиничев.
Ол «Трудовая» қосалқы стансасынан шығатын резервтік желіні реттеу және орнату жұмыстары «Қарағанды су» ЖШС есебінен жүргізіліп жатқанын қоса айтты. Бас энергетиктің айтуынша, бұл 2-аймақтағы сорғы станциясын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін қосымша екі кіріс енгізуге мүмкіндік береді.
– Құрметті «Қарағанды Су» ЖШС тұтынушылары, 5 тамыз күні таңертең «Оңтүстік-Шығыс», «Михайлов» және «Ақтас» кентіндегі тұтынушыларды сумен қамтамасыз ететін «2-аймақ» бас су стансасында электр қуаты толық үзілді. «2-аймақ» бірінші санаттағы бас сорғы станциясы, оның екі фидер бойында екі электр кірісі бар. Сағат 4-те 1 фидер желіден шықты, 05:17-де 2 фидер желіден шықты. Сондықтан резервуарлардан таза су төгіліп жатыр. Бұл су Карл Маркс көшелерімен ағып жатыр, – дейді Д.В.Калиничев.
«Қарағанды су» ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі М.В.Богданның хабарлауынша, агрегаттар іске қосылып, гидравликалық режим қалпына келтіріліп жатыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz