Қарағандыда мектеп жанында күн панельдері орнатылмақ
Қарағандыда Нұркен Әбдіров атындағы мектептің жанындағы аумақты жарықтандыру үшін баламалы энергия көзі пайдаланылмақ. Көше шамдарын зарядтау үшін күн панельдері орнатылады. Бұл оқушылардың «NXplorers Жасыл ұрпақ» республикалық экологиялық жобалар байқауына қатысуының нәтижесінде мүмкін болды, – деп хабарлайды ortalyq.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Финалдық жарыс Астанада өтті. 20 команданың ішінен жобаны іске асыруға миллион теңге көлемінде грант алған үздік бес команда таңдалды.
Құрамында Нұркен Әбдіров атындағы ЖББМ-тің 10 сынып оқушылары Нұрислам Әбуталипов, Әлиасқар Жұмабеков, Еркебұлан Мылтықбай бар қарағандылық команда үшінші орынға ие болды. Жетекшісі география пәнінің мұғалімі, STEM мектеп жобасының үйлестірушісі Меруерт Ибраева.
– Мектебіміздің тарихы бай, желтоқсан айында 50 жылдығын атап өтуге дайындалып жатырмыз. Біз заманға сай қадам жасауға тырысамыз. Бізде әлі STEM кабинеті жоқ, бірақ біз бағытты дамытудамыз. Экологиялық жобалардың республикалық конкурсына біздің оқушылар өткен жылы қатысты, бірақ жүлделі орын алған жоқ. Ал, биыл олар грант жеңіп алды. Электр энергиясын үнемдеу – өзекті. Жобаны іске асыруға алты ай уақыт беріледі. Менің ойымша, біз мұны ертерек, қыстың соңына дейін жасай аламыз, – дейді Нұркен Әбдіров атындағы ЖББМ директоры Гүлшат Баграмова.
NХplorers бағдарламасы – бұл Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың тағы бір қадамы. Конкурсты ұйымдастырушылар “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы және ҚР Білім министрлігі мен “Шелл Қазақстан” энергетикалық компаниясының қолдауымен Caravan of Knowledge корпоративтік қоры.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.