Қарағандыда көктайғақтың кесірінен екі күнде 200-ден астам адам жарақат алған
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше кешелі бері Қарағанды травматикалық пункттеріне көктайғақ салдарынан жарақат алған адамдар көбірек түсе бастаған. Облыстық травматология қызметі ахуалдық орталығының меңгерушісі Ерік Шонбаев 3-желтоқсанда Қарағанды облысының медициналық ұйымына 76 пациент түссе, кеше, 4 желтоқсанда 150 адам жүгінгенін айтады.

– Көктайғақ салдарынан жарақат алған тұрғындар саны есебінен ауруханаға жатқызылғандар көбейді. Әсіресе үлкен кісілер протекторы қалың, тайғақ емес жабыны бар аяқ киіммен жүруі керек. Көшеге шыққанда қауіпсіз жолдармен, маршруттармен жүріңіздер. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатып, көлік жүргізушісінің сізге жол беретініне көз жеткізуді ұмытпаңыз, өйткені көк мұздың кесірінен көлік тоқтап үлгермеуі мүмкін, – дейді Ерік Шонбаев.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ