Жаңалықтар

Қарағандыда инновациялық оталар жасалады

Қарағанды қаласындағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы клиникада радиожиілікті абляциялар әдісі бойынша инновациялық оталар жасалады. Мұндай технология арқа мен буындардағы ауруды ұзақ уақытқа жоюға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Х.Ж.Мақажанов атындағы клиниканың үш маманы шетелде кәсіби біліктіліктерін арттырып, аталмыш технологияның қыр-сырын әбден меңгерген. Әрі, клиника радиожиілік абляциясы үшін қажетті құрылғымен толық қамтамасыз етілген.
– Біз мамандарымызды оқытуды жалғастыра береміз. Бұдан бөлек, біздің клиникамызға шетелдік мамандар да келіп, дәріс оқиды, шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Алдағы уақытта біздің кейбір дәрігерлеріміз тек ауру синдромы еміне мамандандырылады деген болжам бар. Бұл өте маңызды, себебі созылмалы дерті бар адамдар әлеуметтік өмірге араласа алмайды, яғни жұмысқа бара алмайды, серуендеу қиындау болады, бір сөзбен толық өмір сүруге кедергі келтіреді, – дейді Мақажанов атындағы клиника директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев. 
Қарағандыға дәріс оқуға келген мәскеулік реаниматолог дәрігер созылмалы дерт жанын қинайтын адамдарды емдеу кез келген мемлекетке оларды емдеу кезінде қамтамасыз ету, мүгедектік рәсімдеу және тиісті жәрдемақы төлеу тиімсіз әрі 10 есе қымбатқа түсетінін айтады. 
– АҚШ елінде қазір арнайы ауру клиникалары өте дамыған. Олар ауру синдромы бар ем қабылдаушыларды емдеумен айналысады. Үлкен тәжірибе жинақталған. Бұл біз үшін де тиімді, өйткені әріптестеріміздің жұмысында қателіктері мен ұтымды жақтарын да көріп, одан үйренеміз. Демек бұл саланы тезірек дамыта аламыз. Қазақстанда осы бағытта үлкен мүмкіндік бар деп санаймын, – деді Иван Портягин. 
Қазір Мақажанов атындағы клиникада радиожиілік абляция әдісі бойынша аптасына екі емделушіге ота жасайды. Алайда, буындарында ауруы бар адамдардың барлығы бұл процедураға сенім арта алмайды. Себебі, ол кез келген адамға келе бермейді. Емделушіге ол қаншалықты жағатынын анықтау үшін дәрігерлер тест-блокада жасайды, яғни ауру нүктесіне аз мөлшерде ауруды сездірмейтін препарат енгізеді. Егер сырқатты сезбесе, онда адамға инновациялық ота жасалады. Егер ауру сезімі басылмаса, онда мамандар ауру көзін іздеуді жалғастырады да, ең тиімді емделу жолын ұсынады. 
Қарағанды облысында радиожиілік абляция әдісі арқылы ота тегін жасалады.

 

Басқа материалдар

Back to top button