Руханият

Қарағандыда қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовке бюст орнатылды

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай Қарағандыда жазушы бюсті ашылды. Ол Орталық қалалық кітапхананың жанындағы алаңда орнатылған.

Ғалым-филологтың бюстін мүсінші Ербосын Бағыбаев жасаған. Оны дайындауға бір айға жуық уақыт кеткен.

– Мұхтар Әуезов – қазақ зиялыларының жарқын өкілі. Оның бейнесі бізге бала кезімізден шығармалары арқылы таныс. Ол біз үшін Ұлы Абайды ашты, бай мұра қалдырды. Мен бюст жасауға тапсырыс алған кезде қатты қуандым. Өйткені, бұл аңызға айналған тұлғаның бюстін жасау мен үшін үлкен мәртебе.Бюсттің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 2,5 м-ге жетеді, бюсттің өзі шамамен 1,2 м. Алдымен мен оны саздан жасадым, содан кейін оны бетонға құйдым, – дейді Ербосын Бағыбаев.

Мүсіннің сырты қола бояумен және лакпен қапталған. Тұғыр керамогранитпен жапсарланған.

Мүсіншіге жазушының көзі мен ернін жасау ерекше қиын болған екен.

– Бір қарағанда, Мұхтар Әуезовтің бейнесін жеткізу соншалықты күрделі міндет емес сияқты. Ал шын мәнінде, мен көптеген фотосуреттерді зерттеп, оны өзім үшін қайта ашуға тура келді. Мен мұны жүзеге асыра алдым деп ойлаймын. Тиісті күтіммен бюст ондаған жылдар тұрады, – дейді мүсінші.

С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актері жазушы бюстінің ашылуында “Жас Абай” драмасынан үзінді ұсынды. Ал Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған байқаудың жеңімпазы Ақшарқат Ешқұлова оның шығармаларынан үзінділер оқыды.

Сондай-ақ, ғалымның туған күніне орай Орталық қалалық кітапханада оның есімімен оқу залы ашылды. Әуезов залында қонақтардың назарына жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылды.Сонымен қатар, Қарағандыда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеу аясында “Шоқтығы биік жазушы” конференциясы өтті.

Қала мұражайларында “Әлем таныған Әуезов” әдеби-көркем іс-шарасы және ЖОО мен колледж студенттерінің қатысуымен “Мұхтар Әуезовтің ұлы мұрасы” тақырыбында кездесу-әңгіме ұйымдастырылды. Кітапханаларда библиоквесттер, портрет-кештер және әдеби-музыкалық кештер өтті, балалар-жасөспірімдер клубтары мен мәдениет үйлерінде кітап көрмелері, классиктің өмірі мен шығармашылығын білуге арналған викториналар, “Мұхтар Әуезов” деректі фильмінің көрсетілімдері өткізілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button