АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда автобус жүргізушілері жетіспейді

Өткен жылы Қарағандының автобус парктері 146 жаңа автобус сатып алып, ескі автобустар біраз жаңартылды. Соған сәйкес кейбір автобустардың жұмыс уақыты ұзартылды. Желіге күн сайын 400 автобус шығады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

–  Yutong маркалы жаңа автобустар «QazTehna» Саран автозауытында жиналған. Жылжымалы құрамның жаңаруының арқасында 31 және 65-ші маршруттардың қозғалысы қайта жанданды, екеуі де «Трилистник» шағынауданына қатынайды. Сондай-ақ үш жаңа бағыт іске қосылды: № 48, 20 және 63. Кешкілік қарбалас уақытта Майқұдық пен Пришахтинскіге кешкі рейстердің ұзартылуын ескере отырып, автобустардың кестесі қайта қаралды. Желіге қосымша № 45 және 145 автобустары қосылды, – дейді Қарағанды ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

Өткен жылы бесінші автопарк 46-дан астам жаңа автобус, ал үшінші автопарк 100 автобус сатып алды. Олар қалаішілік және қала маңындағы бағыттар бойынша жүреді. 2023 жылы № 3 автопарк 66 миллионнан астам жолаушыны тасымалдады.

– Соңғы рет тариф 10 жыл бұрын көтерілген. Бүгінгі таңда біз жергілікті атқарушы органдармен тарифті көтеру туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл өз кезегінде қала мен облыс бюджетіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті № 3 авто паркінің директоры Артур Григорян.

Тасымалдаушылардың есептеулері бойынша жүргізушілердің жалақысына, амортизацияға, ЖЖМ-ға және басқа да барлық шығындарды ескере отырып, жол жүрудің нақты бағасы 320 теңге болуы тиіс.

Алайда тарифті көтеру мәселесі әлі де жан-жақты зерттелмек. Ол бүгінгі күні 100–120 теңгені құрайтын жалпы республикалық деңгейден аспайды.

ONAY! төлем жүйесінің енгізілуімен қоғамдық көліктің жұмысына шағымдар едәуір азайған.

– Біз барлық шағымдарды мұқият зерттеп, қарастырамыз. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Дегенмен, кадр тапшылығы мәселесі бар екенін мойындау керек. Атап айтқанда, бүгінгі таңда бізде 40 жүргізуші жетіспейді. Егер біз екі ауысымды жұмысқа ауысатын болсақ, бұл шамамен 80 адам, – дейді № 5 автопарктің бас директоры Мақсат Әлсенов.

Ал №3 автопаркте шамамен 50–60 жүргізуші жетіспейді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button