Қарағандыда қар құрсауында қалғандар құтқарылды

Қарағанды облысының аумағында қар құрсауында қалған автожолдарда бірнеше құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.


Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 20 ақпан күні сағат 22:20-да Қарағанды қаласында ЖЭО-3 ауданында жолдың тазартылған учаскесіне қар құрсауынан 3 автокөлік шығарылды, 6 адам құтқарылды.

21 ақпанда сағат 04:11-де Жандарбеков көшесі бойындағы жолдың тазартылған учаскесінде қардан «Газель» маркалы автокөлігі шығарылды. Сағат 05:21-де Қарқаралы ауданында жергілікті маңызы бар «Бақты — Бүркітті» автожолында бұзылған автокөліктен 2 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Адамдар Қарқаралы қаласына жеткізілді, олар медициналық көмекке мұқтаж емес.

Сағат 05:35 — те Осакаров ауданында облыстық маңызы бар «Киевка-Осакаровка» автожолының 78 шақырымында қалың қарда қалып қойған автокөліктен Осакаровка кентіне 2 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ жолдың тазартылған учаскесінде 5 адам болған 2 жеңіл автокөлік шығарылды, олар медициналық көмекке мұқтаж емес.

Құтқарушылар ауа райы күрделі кезде мүмкіндігінше жолға шықпау қажеттігін ескертеді.