Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда «Antikor ortalygy» ашылды

Қарағандыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен жем¬қорлыққа қарсы «Antikor ortalygy» қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл орталықта кез келген азамат құқық-тық көмекке жүгіне алады. Орталықтың ашылуына агенттік төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ пен аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысты.


Аталған сервистік орталық Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр. Орталық – азаматтарға қолайлы жағдай жасап, олармен жедел әрі тиімді байланыс орнатуға арналған диалогтік алаң ретінде аталуда. Бұл еліміз бойынша төртінші орталық.
Орталықтың кіре берісінде соңғы үлгідегі сөйлейтін робот қарсы алып, «Antikor ortalygy» қызметімен таныстырды. Орталық Open-space және фронтофис форматында қызмет жасайды. Осы арқылы мемлекеттік қызметтің ашықтығына тағы бір оң қадам жасалғанын айтады мамандар. Сөйтіп, тұрғындарға қызмет көрсетудің сапасы жақсара түспек.
Орталық екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта ресепшн, операциялық зал, кеңес берушілердің бөлмелері орналасқан.
Екінші қабатта пресс-орталық, жұмыс бөлмелері, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Орталықты аралап көрген төраға өзінің қолдау білдіретінін жеткізді.
Бұдан соң құқық қорғау және арнайы орган өкілдерімен кездесіп, жиын өткізді. Онда құзырлы орын басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек орталықтың бір жыл бұрын жасалған меморандум аясында жүзеге асқанын атады.
– Жалпы, Қарағанды облысында өте маңызды орталық ашылып отыр. Бір жыл бұрын облыстық әкімдікпен бірлесе, меморандум жасап, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасын бастаған едік. Сол жобаның бір нәтижесі – осы орталық. Бұл – жұмысты жаңа форматта жүргізуге ықпал етпек, – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, облыс басшылығы жемқорлық мәселесін шешуде агенттікпен бірлесе еңбек етуге әзір екендігіне тоқталды.
Жемқорлықпен күрес басым бағыттың бірі. Өйткені, ол – мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін бірден-бір індет. Бүгінде мемлекеттік ұйымдардың бұқараға ашық һәм жақын болуы үшін қайта құрылу жүргізілуде. Осы орайда, өткен кезеңдерде ел бойынша белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді. Жемқорлықпен күресте тиімді жолдар анықталып, оң өзгерістер орын алды.
– Елбасының тапсырмасына орай біздің департаментте жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалды. Соған сәйкес мемлекеттік ұйымдарға, квазисекторларға 15 сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде 112 ұсыныс беріліп, оның қазіргі таңда 82-сі орындалды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов.
Департамент басшысының айтуынша, қоғамның санасын өзгертуге қатысты шараларды жүргізуде арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Бұл топ азаматтық қоғам мен мемлекеттік аппаратты жалғаушы буын болып табылады. Олар ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүргізуші куәлігін алу емтиханына, магистратура мен доктарантураға түсерде тапсыратын кешенді тестілеуге, көлік жолын бақылауға қатысады. Сондай-ақ, ақпараттықтүсіндіру штабы бар.
Облыс әкімдігі мен азаматтық қоғам арасында «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы сәтті жүзеге асуда. Бұл жоба – сыбайлас жемқорлықтан азат өңір ұранымен қолға алынған-тын. Жоба – тұрмыстық жемқорлықтың алдын алуға және жоюға бағытталған. Бұған «Адал жол», «Саналы ұрпақ», «Адалдық алаңы» секілді жобалар топтасқан.
Бұдан кейін агенттік төрағасы тұрғындарды жеке қабылдады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button