Қарағандыда қайтыс болған науқас туралы мән-жай белгілі болды

Бүгін Қарағанды қаласында коронавирус инфекциясынан 1 адамның қайтыс болғаны анықталды. Осыған орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев «Saryarqa» телеарнасының эфирінде шұғыл мәлімдеме жасап, қайтыс болған азамат туралы ақпарат ұсынды.

  •  30 наурызда қалалық ауруханалардың біріне 62 жастағы азамат жеткізілді. Оған екі жақты пневмония және тыныс алу жетіспеушілігі диагнозы қойылған. Пациенттің жағдайы күрделі деп бағаланды. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып,  барлық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып көмек көрсетілді. Әйтсе де, науқастың жағдайы күрделене берді. Бүгін таңертең сағат 07:00-де қайтыс болды. Бұған дейін науқас медициналық мекемеге жүгінбеген. Онымен байланыста болған адамдар, туыстары анықталды. Дәрігерлер барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтады, — деді Ержан Нұрлыбаев.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, қазіргі таңда марқұммен жақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Барлығы — 36 адам. Сонымен қатар, байланыста болған 20 адам нақтыланды. Сонымен қатар, оның бұрын Теміртау қаласында жұмыс істегені де белгілі болды. Қазір осы бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

  • Қайтыс болған азамат және онымен байланыста болған тұрғындардың ешбірі шетелге шықпаған. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына бармаған. Қарағанды қаласында тұрған, — деді Қанат Асқаров.