Қарағанды жеңіл атлетика манежінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді

Барлығына арналған спорт! Қарағанды қаласының Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, арба спортшыларына барлық қолайлы жағдайларды қарастыра отырып, жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Мұнда фойенің кіреберісінде табалдырықсыз кіреберіс есіктер мен керамограниттен жасалған арнайы табалдырықтар орнатылды. Нашар көретіндерге арналған тактильді таспалар, екі тілде брайль шрифтімен жазылған белгілер пайда болды. Душ, жуынатын бөлмелер мен киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталған.

Жаңартылған манежде қазір паралимпиадашылар жаттығуда. Оларды алда Франциядағы XVII Паралимпиадалық жазғы ойындарға қатысуға лицензия алу үшін күресетін маңызды старттар күтіп тұр. Ол жарыстар Парижде 2024 жылдың 28 тамызы мен 8 қыркүйегі аралығында өтеді. Үміткерлер арасында жеңіл атлеттер Дастан Мұқашбеков пен Руфат Хабибуллин, жүзушілер Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев, Әлия Рахымбекова бар.

– Ақпан айында Дубайда жеңіл атлетикадан Гран-при өтеді. Жарысқа біздің үш спортшы ұшады. 2023 жылға үлкен бағдарлама жоспарланған: 9 турнир, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты, Қытайдағы Азия ойындары. Спортшылар белсенді жаттығулар жасайды, барлығы жақсы нәтижелерге қол жеткізуге тырысады. Біз Дастан Мұқашбековке үлкен үміт артамыз: Қазақстанда ол бірінші орында, әлемдік рейтингте үштікте. Руфат Хабибуллиннің де жақсы жетістіктері бар: Азия рейтингінде ол үштікте, әлемдік рейтингте – алтылықта, – деді жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Сергей Безгачев.

Оның айтуынша, жас паралимпиадашылардың келешегі зор. Мысалы, Абайдан қаласының тумасы Игорь Хлыстов жеңіл атлетикаға жарты жыл бұрын келген. Португалиядағы Дүниежүзілік ойындарда 200 және 400 метрге жүгіруде қола жүлдеге ие болды. Қазір оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.

Қарағандыда 2003 жылы мүгедектер спорты бойынша облыстық мамандандырылған мектеп ашылды. Бүгінде мұнда 470 адам айналысады.