«Қарағанды Жарық» компаниясына 5,5 миллион теңге айыппұл салынды
Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Қарағанды Жарық» ЖШС-ін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қалалық кәсіпкерлік субъектісіне қызмет көрсетуден бас тартқаны үшін компанияға әкімшілік жаза – 5 520 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті «Қарағанды Жарық» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеріс барысында кәсіпорын шаруашылық жүргізуші субъектімен электр энергиясын тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді көрсетуге шарт жасасудан заңсыз бас тартқан. Заңға сәйкес энергия тасымалдаушы компанияның бас тартуға ешқандай құқығы жоқ.
Осыған орай, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілген.
– Қарағанды қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен заңбұзушылықтар үшін «Қарағанды Жарық» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компанияға 5 520 000 теңге айыппұл салынды. Ұйым 10 күн ішінде сот шешіміне шағымдана алады, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ