Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Қарағанды – қуатты тыл

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында «Соғыс жылдарындағы Орталық Қазақстан» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі онлайн ұйымдастырған.

Тың деректерге толы жиында түрлі тақырыптар қамтылды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қымбат Абдрахманова соғыс жылдарындағы Орталық Қазақстанның өндірісіне тоқталды. Оның айтуынша, жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды майданның қуатты арсеналы болды. Көмірмен, азық-түлікпен, киіммен, қаражатпен майдан әскерлерін үздіксіз жабдықтады. «Облыс аумағына ірі өнеркәсіп орындары көшіріліп, жұмысшылар мен көмір өнеркәсібінің білікті инженерлері келді. Төрт жылда 46,1 млн. тонна көмір өндірілді. Облыс аумағында 6 эвакогоспиталь орналастырылып, аймақ еңбекшілері қорғаныс қорына 52 млн. рубль салды» – деді ол.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұловтың айтуынша, 1943 жылы Қарағандыда 16 айтыс өтіп, ерлікті, батырлықты асқақтата жырлаған. Осы айтыстарды Доскей Әлімбаевтың ұсынысымен жоғары жақтан рұқсат алып, ұйымдастырған сол кездегі «Советтік Қарағанды» газетінің бас редакторы Әбдуәли Қарағұлов екен. Кейін бұл жайлы Ғабит Мүсіреповтің мақаласы шыққан.

Ал, Нұрсахан Ахметқызы Е.Бекмаханов бастаған тарихшы ғалымдардың осы кезеңдегі ұшан-теңіз еңбегіне тоқталды. Қылышынан қан тамған заманда жазған Қазақ КСР тарихы, оның ішінде, Кенесары ханның даңқты жолы майдангерлерге үлкен жауынгерлік рух сыйлағанын айтты.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Сақтағанованың айтуынша, соғыста Орталық Қазақстаннан майданға сұранған қыздар да көп болған. Әлжаппар Әбішевтің шығармашылығында «Майданда қарағандылық танкист қыздар бригадасының болғандығы» айтылған. Бұл соғыс тақырыбының әлі зерттелмей жатқан тұстары бар екендігін көрсетеді.

Соғыс жылдарындағы сан қилы ауыртпашылық халықтың рухын сындыра алмады. Керісінше жігерлендіріп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Бұған жиында айтылған мәліметтер тағы бір рет көз жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button