Жаңалықтар

Қарағанды құрамасы қара үзді

Облыс орталығында өткен «Арай-2023» аймақ қалалары арасындағы ХVІ облыстық жазғы спартакиада мәресіне жетті. Оның ашылуы орталық саябақта қала әкімдігінің ұйымдастыруымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұловтың қатысуымен өтті. Тамыздың әр үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күні қарсаңында спортшылар мен қала тұрғындары үшін үлкен ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.

Ербол Әліқұлов жұртшылықты Спорт күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Шын жүректен қатысушыларға жеңіс тілеймін! Ең бастысы, спартакиада халықтың барлық топтарын біріктіреді. Студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, зейнет­керлер және мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысады. Басты міндет – бүкіл халқымызды спортқа баулу – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Мереке барысында ерекше көзге түскен жаттықтырушылар мен оқытушыларға денешынықтыру мен спортты дамытуға қосқан елеу­лі үлесі үшін Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары мен сыйлықтар табыс етілді.

Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі облыс­тық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қызметкері Абылай Шүланбаев «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне ие болды.

Спартакиадаға Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран және Шахтинск қалаларынан 600-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынасты.

Спорт шеберлері екі күн бойы 12 түрлі спорт түрінен өзара жарысты. Атап айтсақ, армрестлинг, волейбол, қазақ күресі, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шағын футбол, жазғы Президенттік көпсайыс, пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату және бес асықтан тартысқа толы сайыстарға куә болды жұрт.

– Мен спартакиаданың төрешісі ретінде осымен алтыншы рет қатысып отырмын. Басты мақсатымыз – адал төрешілік ету. Қатысушылар барын салды. Біз әділ төрелік еттік, – деді жарыстың бас төрешісі Қайрат Абдуллаев.

Шахтинск қаласынан келген «Тентек» ДСК нұсқаушысы Дарья Федько спартакиадаға үшінші рет қатысып отыр. Мұндай жарыстар спортпен шұғылдануға ынталандыратынын айтады.

– Біздің команда ерлер мен әйелдер арасында барлық жас санаттарына қатысты. Қатарымыз­да бухгалтер, мұғалім, ІТ маман және жеке кәсіпкерлер бар. Біз көп жаттықтық. Жүлдегерлер үштігіне енеміз деп сендік. Сол сенімнің үдесінен шығып, үздік үштікті қорытындыладық. Өте қуаныштымыз, – деді Дарья Федько.

Спартакиада қорытындысында жалпыкомандалық есепте 189 ұпаймен Қарағанды қаласы I орынды, 149 ұпаймен Теміртау қаласы II орынды, 125 ұпаймен Шахтинск қаласы III орынды иеленді.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button