Қарағанды қолдауға дайын
Геннадий ГОЛОВКИН – Сауль АЛЬВАРЕС жекпе-жегі Қарағандыда үш LED-экранда көрсетіледі.
Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) «T-Mobile» аренасында, 16 қыркүйекте (Қазақстан уақыты бойынша 17 қыркүйек) көпшілік асыға күткен Геннадий Головкин мен мексикандық Сауль Альварес жекпе-жегі өтеді.
Жерлесіміздің жекпе-жегі «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі. Трансляция 17 қыркүйекте таңғы 6:00-де басталады. Белгілі болғандай, Головкин мен Альварестің айқасы сағат 8.50-де басталады.
Қарағандылықтар қаламыздағы алаңдардың біріне келіп, атақты жерлесіне қолдау көрсете алады. ЛЭД-экрандар үш нүктеде – Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы алаңда, Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің және «Достық үйінің» жанында орнатылады. Бұл жерде жекпе-жектің тікелей трансляциясы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, трансляция С.Сәпиев атындағы Бокс орталығында да өтеді. Онда кіру ақылы болады. Билеттер құны – 500, 800, 1500 және 3000 теңге.
Естеріңізге сала кетейік, алдағы айқаста Геннадий Головкин бәске WBA (Super), WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы титулын қояды. Ал, Альварес болса «The Ring» журналының нұсқасы бойынша әлем чемпионы белдігін тігеді.
Жиырма алты жасар Альварестің есебінде кәсіби рингте 49 жеңісі (34 нокаутпен), 1 жеңіліс, 1 тең ойын тіркелген. Ал отыз бес жастағы Головкиннің қоржынында 37 жеңісі (33-і нокаутпен) бар.
Геннадий Головкин өзінің «The Telegraph» газетіндегі сұхбатында ол өзінің бас жекпе-жегін әкесі мен бауырлары Вадим және Сергейге арнайтынын айтты.
Өз тілшімізден