Қарағанды облысының әкімі құрылыс нысандарында болды
Кеше аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап, мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесті. Бұл туралы облыс әкімі өзінің “Фейсбуктегі” жеке парақшасында жазды.

Биыл пайдалануға берілетін баспаналардың санын екі есеге дейін көбейту жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысының қарқыны мен сапасы бақылауға алынған.
- Құрылыс салушылармен серіктес қалаларда әлеуметтік тұрғын үйлерді салу мүмкіндіктері талқыланды. Балалар үйінің түлектері үшін тұрғын үй салу жөніндегі ұсыныстарды пысықтауды тапсырдым.
Бүгінгі күні 30-шы ықшамауданда 1200 орындық қазақ тілінде оқытатын мектептің құрылысы белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Қыркүйек айына қарай осы мектепте оқу үдерісін бастауды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы облыста екі мектеп пайдалануға беріледі. Олар Қарағанды мен Жезқазғанда орналасқан. Алдағы жылдары өңірде тағы алты мектеп салынады.
Оңтүстік-Шығыстағы жаңадан салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылыс алаңында болып қайттым. Мұнда күз маусымында үйірмелер мен секциялар өз жұмыстарын бастайды. Ғимараттың цокольдік қабатында спорт залдары, би сыныптары мен гимнастикалық залдар жабдықталады. Жоғарғы қабаттарда робототехникамен және бағдарламалаумен айналысуға арналған кабинеттер орналасады. Мердігерлердің басты міндеті – нысанды 2020-2021 оқу жылының басында пайдалануға тапсыру.
Сондай-ақ үлкен теннис орталығы құрылысының барысымен таныстым. Нысанды осы жазда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір мұнда коммуникациялар жүргізіліп жатыр. Бұдан кейін ішкі әрлеу жұмыстары басталады. Ал «Панель-центр» шағын ауданындағы үстел теннисіне арналған жабық корт нысанын осы жылдың күзінде пайдалануға беретін болады. Жақын арада нысанның қабырғалары салынады, – деп жазды аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, аймақ басшысы орталық жылу жүйесіне қосылмаған Бобруйская көшесіне барды. Көшеге жылу желісі 1973 жылы тартылған. Содан бері жөндеу көрмей, 70%-ы әбден тозған екен. Аймақ басшысының хабарлауынша, 2021 жылдың соңына дейін көшедегі құбырлар мен жабдықтар толық ауыстырылады. Қазіргі таңда аталмыш жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарауына жолданған.
Бұдан бөлек, “Трилистник” тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстары да ерекше бақылауға алынды.
- Мұнда Наурыз мерекесі қарсаңында 92 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған үйлерде қабырғалар салынып, коммуникациялар жүргізіліп, терезелер орнатылатын болады. Сонымен қатар құрылыс салушыларға барлық нысандардың тиісті мерзімде пайдалануға берілуіне барлық күш-жігерлерін жұмсауды тапсырдым, – деп жазды Жеңіс Махмұдұлы.