Қарағанды

Қарағанды облысының 300-ге жуық педагогы онлайн-конференцияға қатысты

Бүгін онлайн-режимде Қарағанды облысының мектепке дейінгі ұйымдары қызметкерлерінің VIIІ облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияға облыстың 300-ге жуық педагогтары қатысты. Шараға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының директорлары, педагог-психологтар, логопед-мұғалімдер, дефектологтар, әдіскерлер, балабақшалар мен шағын орталықтардың тәрбиешілері шақырылды.

Конференцияның пленарлық отырысында SANA ғылыми-тәжірибелік психология орталығының директоры Алтынай Абдрахманова, БҰҰ Даму бағдарламасының және “Тұрақты қалалар, елді мекендер” жобасының сарапшысы Ирина Немцан, “Интеллектум” орталығының директоры Бижан Игенбаева сөз сөйледі.

Конференцияда балаларды әлеуметтік-эмоциялық оқыту, жаңартылған білім беру кеңістігінде әдістемелік қызметті ұйымдастыру, “Менің өмірімнің экомектебі” пилоттық жобасын жүзеге асыру, мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға “Кішкентай генийлер” жеке дамытушы боксы таныстырылды.

Отырыс платформада төрт бағыт бойынша өтті “SABAK.KZ: инженерлік ойлау”, “Модель 4К”, “Мектепке дейінгі білім берудің жаңа технологиялары – Lesson Study” және “Инклюзивті білім беру”. Төрт секциялық отырыстарда 25 педагог сөз сөйледі.

Конференция аясында “Заманауи мектепке дейінгі білім беру: 4К моделін енгізу – баланы мектепке дайындау үшін инженерлік ойлау мүмкіндігін, шығармашылық қабілеттерін дамыту” жинағына мақалалар қабылдау бойынша жұмыс жүргізілді. Оған әр түрлі бағыттар бойынша 200-ден астам материалдар кірді. 

Басқа материалдар

Back to top button