Қарағанды облысында табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік бақылау күшейтілді
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті 2026 жылдың басынан бері табиғи монополиялар саласындағы заңнама талаптарының сақталуына тұрақты мемлекеттік бақылау жүргізіп келеді.

Департаменттің негізгі міндеті – реттеліп көрсетілетін қызметтердің экономикалық негізделген тарифтерін бекіту және табиғи монополиялар субъектілерінің заң талаптары мен міндеттемелерді орындауын бақылау.
Жыл басынан бері жүргізілген бақылау нәтижесінде 1 нұсқама шығарылды, 1145 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 66,7 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде бүгінгі күнге мемлекеттік бюджетке 52 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Сонымен қатар, табиғи монополиялар субъектілерінің тізілімі тұрақты түрде өзектендірілуде. Есепті кезеңде Тізілімге 9 жаңа ұйым енгізіліп, реттелетін қызметін тоқтатқан немесе қызмет сипаты өзгерген 6 субъект шығарылды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша Тізілімнің жергілікті бөлігінде 87 субъект бар.
Департамент 4 сот процесіне қатысты. Оның 3 ісі бойынша Департаменттің талаптары қанағаттандырылып, 1 іс бойынша талаптар қанағаттандырусыз қалдырылды.
Департамент тарифтік саясаттың ашықтығы мен негізділігін, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің міндеттемелерді орындауын бақылауды жалғастырады. Өңірде заңдылық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік бақылау белгіленген өкілеттіктер шеңберінде күшейтіле бермек.
Қымбат БЕЙСЕНОВ
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы



