Қарағанды облысында карантин шаралары жеңілдетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен соң Қарағанды облысында карантин шаралары жеңілдетілді. Әйтсе де, Теміртау қаласында әлі де қатаң шаралар сақталады. Металлургтер қаласында санитарлық нормаларды сақтай отырып, тек құрылыс нысандары, ТҚС, шиномонтаж шеберханалары, автожуу орындарына ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген. Бұл туралы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлімдеді.


Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарында тұрғындарға саяжай учаскелеріне шығуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ,  қоғамдық көліктер қайта жұмысын бастайды. Өнеркәсіптік кәсіпорындарына және басқа да бірқатар қызмет көрсету нысандарының қызметіне рұқсат берілді.
Жеңілдетілген карантин режимінде тұрғындарға келесі әрекеттерді жасауға рұқсат беріледі: 
— санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, сағат 05.00-ден  22.00-ге дейін көп адам болып шоғырланбай,  аулада  жаяу серуендеуге (қол алысып амандаспау, кемінде екі метр қашықтықты сақтау, міндетті түрде бетперде кию және антисептиктерді пайдалану);
— саяжай учаскелеріне бару. Үйден 5 адамнан артық шығуға болмайды (өз балаларымен, туысқандарымен);
— Теміртаудан басқа, облыстың барлық аумағында жеке машиналарда рұқсат етілген қызмет түрлері бойынша жүруге болады. 22.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйм салынады.

Теміртауда жеңіл автокөлікпен таңғы сағат 05.00-ден 10.00-ге дейін және кешкі сағат 17.00-ден 22.00-ге дейін жұмысқа бару және қайту үшін ғана жүруге рұқсат етілген. 

Қоғамдық көлік қала ішінде таңертең сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін және кешке сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, адвокаттық кеңселерге, нотариустарға, ТҚС, шиномонтаж шеберханаларына, көлік жуу орындарына, екінші деңгейлі банктерге және ХҚКО жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Ауыл шаруашылық техникасын, жабдықтарды көтерме саудамен сату қайта іске қосылды. Сондай-ақ тұқым, көшеттер және басқа да материалдарды сату жөніндегі мамандандырылған дүкендерге және бөлімдерге жұмыс істеуге рұқсат етілген.
Сауда нүктелерін ашпай, тек жеткізу режимінде тұрмыстық техника мен электр жабдықтарын, жануарларға арналған тауарларды, тұрмыстық химияны, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатуға рұқсат етіледі.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, жұмысты жаңартатын барлық кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып,  алдын ала жазылу арқылы  ғана қызмет көрсетуі тиіс.

14 жасқа дейінгі балалардың ересектерсіз жүруіне тыйым салынған.   Отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың (5 адамнан астам) жиналуына, саябақтар мен гүлзарлар аумағында серуендеуге тыйым салынады (тыйым салынған қызмет түрлерінің толық тізбесі №16 қаулыда көрсетілген).
Төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті және карантиндік режимді қамтамасыз ету мақсатында Қанат Асқаров ата-аналар күнінде зиратқа бармауды ұсынды.

— Осы жеңілдіктерге түсіністікпен қарауды сұраймын: қырағылықты жоғалтудың қажеті жоқ. Індетті жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда қауіпсіздіктің негізгі шарты әлеуметтік қашықтықты, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған объектілерде дезинфекциялық режимді сақтаудың маңызын ұмытпаған жөн.  Карантиндік режимнің орындалуын бақылау шаралары жалғасады, — деді ведомство басшысы.

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №12, 13, 14, 15 қаулысының күші жойылды.