Қарағанды облысында 4 адамнан коронавирус табылды

Бүгін Қарағанды облысында 4 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Олар қайтыс болған азаматпен жақын қарым-қатынаста болған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Коронавирустан қайтыс болған азаматпен жақын қарым-қатынаста болған тұлғалардың сырқатқа шалдыққаны анықталуда. Науқастардың барлығы оқшауланып, емдеу курсын алып жатыр. Үш адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайлары — ауыр. Бір науқастың денсаулығы орташа ауыр деп бағалануда», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда облыс аумағында 1339 адам үй карантиніне алынған. Сондай-ақ, 824 адам тәулік бойы бақылауда.