Қарағанды колониясында ерекше шара өтті
Қылмыстық атқару жүйесінің Қарағанды облысы және Ұлытау өңірі бойынша №33 түзету мекемесінің психологтары сотталғандарға көмектесуге және эмоционалдық күйзелістен арылуға бағытталған ерекше шара өткізді.
Polisia.kz сайтының мәліметінше бұл әдіс психологиялық және эмоционалдық қиындықтарды бастан кешірген адамдармен жұмыс жасауда өзінің тиімділігін дәлелдеген. Үй жануарлары терапиясы – жануарларды қамтитын түзету жұмыстарының әдісі. Көбінесе мұндай бағдарламалар үшін иттер, мысықтар, жылқылар немесе тіпті кішкентай кеміргіштер қолданылады.
«Жануарлармен қарым-қатынас стресс деңгейін төмендетуге, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, эмоционалды жағдайды жақсартуға және басқаларға деген сенімді арттыруға көмектеседі» дейді психологтар.
Мекемедегі терапия мысықтар мен иттер арқылы жүргізілген. Психологтар қатысушылардың оң өзгерістерін атап өтті. Агрессия мен мазасыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп, көпшілігі қарым-қатынасқа ашық болған.
– Үй жануарлары терапиясы психологиялық жұмыстағы инновациялық тәсіл ғана емес, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендірудің маңызды қадамы болып табылады. Жануарлармен қарым-қатынас сотталғандарға өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Бұл олардың болашақта мекемеден тыс өмірге жақсы бейімделуіне ықпал етеді, – дейді №33 түзету мекемесі бастығының орынбасары Бақытжан Ахметов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.