Жаңалықтар

Қарағанды көгінде – қазақ күйі

        Әз Наурыз қарсаңында көмірлі шаһардың көгінде қоңыр домбыраның күмбірі әуелемек. Қарағандының қақ ортасындағы сауда үйлерінде жас домбырашылар қазақ күйлерін орындап, тыңдарман құлағының құрышын қандырмақ. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін, яғни, 15 наурыз күні «Таир» және «Алтын арба» сауда орталықтарында ЮНЕСКО Клубы №2 өнер мектебінің шәкірттері өнерлерін жұрт назарына ұсынады.
Флешмобтарға бір мезгілде 100 жас музыкант қатысады. Олардың қатарында қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. Домбырашылардың өнерін «Таир» сауда үйінде – сағат 11.00-де, ал, «Алтын арбада» – сағат 12.00-ден бастап тамашалауға мүмкіндік болады.
Шаралар Қарағанды қаласы білім бөлімінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынуда.
Аталған флешмобтар «Үкілі домбыра» қалалық байқауының шеңберінде ұйымдастырылуда.
Жас домбырашылар байқауы Қарағандыда екінші рет өткізілмек. Балғын өнерпаздар биыл №102 лицейде өз өнерлерін ортаға салып, шын мықтыны анықтайды.
Байқауға ЮНЕСКО клубтары Қазақстан Ұлттық Федерациясы ұйытқы болуда. Жас өнерпаздардың басын қосатын өнер бәсекесінің мақсаты – балалар арасында өнер мектептерінің беделін насихаттау, оларды музыка және көркемөнер әлеміне жақындастыру болып табылады.
Қарағандыда домбырашылар флешмобын өткізу дәстүрге айналып келеді. 2016 жылдың желтоқсанында осы секілді флешмоб «Таир» сауда үйінде ұйымдастырылған болатын. Ол кезде кәсіби музыканттар, студенттер мен мектеп оқушылары Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындаған еді.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button