АймақҚарағанды

Қарағанды диқандары қапы қалған жоқ

Көктемгі дала науқаны саябыр тауып, алқапқа дән сіңген шақта елдің аграрлық саласының келешегі тағы бір мәрте Үкімет назарына ілікті. Солтүстік Қазақстан облысында өткен республикалық кеңесте Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов көктемгі егіс науқанының нәтижелерін саралап, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты басым бағыттарды баса белгіледі. Келелі кеңеске селекторлық режим арқылы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен өңір аграршылары қатысты.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасындағы басым салалардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Президент бұл саланың ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы, азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және тұрақты экономикалық өсімді қалыптастырудағы маңызын үнемі атап өтеді, – деді Олжас Бектенов сөзінің басында.

Алқалы жиында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды мәселелер кеңінен сараланды. Әсіресе, еңбек өнімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін күшейту, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру бағыттарына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мал ауруларының алдын алу және эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау мәселелері де күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың сап басына шықты.

Су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану, климаттық өзгерістер жағдайында егіншілік мәдениетін жетілдіру, суармалы жерлердің әлеуетін арттыру және табиғи ресурстарды ұқыпты басқару бағытындағы міндеттер де жан-жақты қарастырылды. Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, өңірлердің алдына қойылған міндеттерді сапалы орындау ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, азықтүлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге оң ықпал ететінін мәлім етті.

Жиын барысында өңірлердегі көктемгі дала жұмыстарының барысы мен нәтижелері сараланып, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі, ауыл шаруашылығын цифрландыру, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру және инвестиция тарту мәселелері де кеңінен сөз болды. Бұл басым бағыттар ауыл шаруашылығын жаңғыртудың және елдің аграрлық әлеуетін арттырудың басты тетіктері ретінде бағаланды.
Айта кетелік, аймақта көктемгі дала науқаны белгіленген мерзімде және толық көлемде аяқталды. Биыл өңір диқандары әр гектар жердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, егіс алқаптарының көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдары 1 миллион 231,2 мың гектар жерге егіліп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі шамамен 50 мың гектарға артқан. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетінің нығайып келе жатқанын және ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Көктемгі қарбалас барысында шаруалар қажетті ресурстармен дер кезінде қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалана алды. Әсіресе, сапалы тұқым қорын қалыптастыруға, минералдық тыңайтқыштар көлемін ұлғайтуға және заманауи агротехнологияларды енгізуге басымдық берілді. Соның арқасында дала жұмыстары ұйымдасқан түрде жүргізіліп, болашақ өнімнің берік негізі қаланды.

Өңір аграршыларының айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігі шаруашылықтардың қаржылық мүмкіндігін кеңейтіп, егіс жұмыстарына тың серпін берген. Бұл өз кезегінде егіс алқаптарын ұлғайтып қана қоймай, өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығы өндірісінің сапасын жақсартуға септескен. Қыр еңбеккерлері күзгі жиын-терін маусымынан мол нәтиже күтіп отыр.

«Шахтёрское» ЖШС-нің басшысы Георгий Прокоп қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары шаруашылықтарға жаңа маусымға алдын ала дайындалуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Бұрын біз несиені тек көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін алатынбыз. Қазір «Кең дала» бағдарламасы аясында қаражатты күзден бастап алып, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын және техниканы алдын ала сатып алуға мүмкіндік бар. Оның үстіне несие жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бұл – ауыл еңбеккерлері үшін өте тиімді әрі үлкен қолдау, – деді Георгий Прокоп.

Ал, Қазақстан фермерлер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Игорь Жабяк ауыл шаруашылығы саласы таяу жылдары ел экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше, агроөнеркәсіп кешені бүгінде тек азықтүлік өндіретін сала ғана емес, жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартатын, ауылдық аумақтардың дамуына серпін беретін стратегиялық бағытқа айналып келеді.

Иә, облыста соңғы жылдары өсімдік және мал шаруашылығы қатар дамып, өндіріс көлемі тұрақты өсім көрсетуде. Егіс алқаптарының ұлғаюы, заманауи техникалардың жаңартылуы және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі аграрлық сектордың әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Мұнымен бірге өңір шаруашылықтарында цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу қарқыны күшейген. Бүгінде ауыл шаруашылығы өндірісінде нақты егіншілік элементтері, цифрлық мониторинг, мал басын электронды есепке алу және өндірістік процестерді қашықтан басқару секілді заманауи шешімдер кеңінен қолданылуда. Аталған үрдіс әсіресе өңірде іске қосылып жатқан жаңа сүт-тауар фермаларының жұмысынан айқын байқалады.

Еңбек – ел ертеңіне салынған инвестиция. Сондықтан, аграрлық секторды жаңғыр­ту жолындағы әрбір қадам, әрбір бастама және әрбір жетістік аймақтың орнықты дамуына бастайтын үлкен жолдың бір бөлігі. Ал, сол жолдың байсалды бағдарын Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер мен ұлттық мүдде белгілеп отыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button