Жаңалықтар

Қарағанды – чемпиондар мекені

   Сәрсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ халықаралық спорттық сайыстарда еліміздің Туын жоғары көтеріп жүрген қарағандылық олимпиадашыларды қабылдады.

Аймақ басшысы кездесу барысында Елбасының «Сіздер еліміздің халықаралық спорттық даңқының дәрежесі жоғары екендігін дәлелдеп, тек, өздеріңіздің серіктестеріңіздің ғана емес, менің де үмітімді, барлық қазақстандық жанкүйерлердің сіздерге деген сенімін ақтадыңыздар» деген сөзін тілге тиек етті.

Алдымен, спортшылар өздері жө­нінде баяндалған қысқа бейнефильм­ді тамашалады. Жақында жарыққа шыққан шағын жинақпен танысты.

Ерлан Жақанұлы дзюдодан би­ылғы конфедерация кубогін иеленген облыстың құрама командасын мақтанышпен атады. Өткен жылы конфедерация кубогінде облыс командасы күміс жүлдегер атанған болатын.

Жиында спортшылар облыстағы спорттың дамуын сөз етті. Олимпиада ойындарының жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Серік Елеуов сөз алып, өңірдегі бокспен айналысатын жастарға тоқталды.

Серік ЕЛЕУОВ, Қарағанды бокс мектебінің директоры:

– Жиырма жыл спортпен айналыстым. Спорт менің жүрегіме, жаныма жақын. Алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының болашақ чемпиондарын тәрбиелей береміз. Бұған спортта озық жүрген жас қарағандылықтардың қауқары жетеді.

Жалпы, республика деңгейінде қарағандылық спортшылар табысты әрі биік деңгейден көрініп жүр. Алдымен, Қарағанды десе, қазақстандық бокстың атын асқақтатқан Ген­надий Головкин еске түседі.  Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, әлемдік таңдаулы боксшылардың үш­тігінде. Генаның жекпе-жектеріне өзі және қарағандылықтар жаппай жанкүйер болатынын тілге тиек еткен аймақ басшысы, өңір спортшыларының жетістіктеріне тоқталды.

Афиныдағы 2004 жылғы Олимпиада ойындарында ел құрамасы 8 медаль иеленсе, оның үшеуін қарағандылықтар еншіледі. Бұл ретте Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Дмитрий Карповты атаған жөн. Карпов онсайыс бойынша Қазақстан мен Азия рекордын жаңартты.

Ал, 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген жерлесіміз Серік Сәпиев техникасы үздік спортшыға берілетін Вэл Баркер кубогіне ие болды.

Сондай-ақ, 2016 жылы Рио-­де-Жанейро ойындарында Қазақ­стан құрамасы ел спорты тарихында көп медаль иеленді. Жүлдегер олимпиадашылар қатарына Эльмира Сыздықова қосылды. Әйелдер күресінде қола медальді олжалады.

Сөйтіп, тәуелсіздік жылдары облыс спортшылары Олимпиада ойын­дарында барлығы  7 медалді (2 алтын, 2 күміс және 3 қола) қоржынға салды.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда облыс тұрғындары спорттың 95 түрімен айналысады.  Оның 41-і олимпиадалық спорт түрі. Спорттық 2805 ғимарат жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік 43 спорт мекемесінде 28 мыңнан адам жаттығады.

Өткен ширек ғасырда облыста се­гіз Еңбек сіңірген спорт шебері, үш жүзге жуық халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1800 спорт шебері даярланды.  «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына 56 адам лайық деп танылды.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button