ҚарағандыРесми

Қарағанды аулаларында ауқымды өзгерістер күтілуде

Қарағанды аулалары ретке келтіріле бастады. Өткен жылмен салыстырғанда абаттандырылған аумақтар бірнеше есе көп болады. Әр түрлі абаттандыру жұмыстарымен 521 аула қамтылады. Сонымен қатар, “Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасы бойынша 212 үйдің қасбеттері мен шатырлары жөнделеді. Жеңіс Қасымбек аулаларды аралап, жұмыстардың қалай жүріп жатқанын көрді.

Биыл жұмыс көлемі артты. Аулаларды абаттандыруға жол жиектерін орнату және толық асфальттауды, жарықтандыру бағаналарын, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату қарастырылады. Ауладағы балалар мен спорттық кешендер кеңейтіледі және олар әртүрлі болады. Сондай-ақ кіреберіс жолдарды жөндеу, қоқыс алаңдарын жарықтандыру, бактарды ауыстыру және бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған.

– Бүгін бізде 21 аулада жұмыс жүріп жатыр. 38 көпқабатты үйдің қасбеттерін жөндеу жұмыстары басталды, олардың барлығын осы жылдың күзінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин.

Октябрь ауданының әкімі Мейрам Қожухов қаржыландыру әлі жөндеуден өтпеген аулаларды қамтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау шағын аудандарында 184 аула ретке келтіріледі.

Облыс орталығында қасбеттер мен шатырларды жөндеуге де кірісіп кетті. Қазыбек би атындағы аудандағы 11 көшеде және Майқұдық ауданындағы 22 көшеде, Магнитогорск көшесіндегі үйлер жаңартылады. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Жеңіс Қасымбек қасбеттерді жөндеу кезінде бірыңғай сәулеттік стильді ұстану қажет екенін атап өтті. Тарихи келбет бұзылмауға тиіс.

Осы жылдың ауқымды жұмыстарының маңызды ерекшелігі – жергілікті өндірушілер шетте қалмағанын атап айтуға болады. Қазір аулаларды абаттандыруда қолданатын барлық материалдар қарағандылық компаниялардың өнімдері. 

Басқа материалдар

Back to top button