Қарағанды қабыланының қайраты

            Қарағанды қабыланы Құмай жылын қуанышты жаңалығымен бастады. Жақында «wbcboxing.com» сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) сейсенбі күні ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы 9 номинация бойынша, жыл үздіктерін (The best WBC 2017) анықтаған. Нәтижесінде  жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН «Жыл боксшысы» және «Жыл жекпе-жегі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, көш бастады.

Сонымен қатар, өткен жылы кәсіби рингте кезекті жеңістеріне қол жеткізіп, мықтылығын танытқан былғары қолғап шеберлері де алғы шептен көрінді. Олардың арасында тайландтық боксшы Срисакет Сор Рунгвисаи «Жылдың үздік нокауты», америкалық боксшы Деонтей Уайлдер «Жылдың үздік өнер көрсетушісі», Мигель Анхель Гарсия «Жылдың үздік қайта оралушысы», Флойд Мейвезер және Конор МакГрегор арасындағы жекпе-жек «Жыл оқиғасы», швециялық боксшы Баду Джек «Жылдың үлгілі чемпионы», мексикалық Мигель Берчельт «Жылдың жаңа супер жұлдызы», мексикалық Эдуардо Эрнандес «Жыл жаңалығы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, әлемдік бокс тарихына есімдері алтын әріппен жазылды.

Бүгінде жүрегі – түкті, білегі – мықты Генаның әр қадамына жаһан жұрты көз тігіп, құлақ түріп отыр. Расымен де жерлесіміз Тауық жылы жарқын жетістігімен дүниені дүр сілкіндірді. Алаштың абыройын – асқақ, көңілін – шалқақ етті. Естеріңізде болар, Бүкіләлемдік бокс кеңесінің шешімімен (WBC) 37 жылдан бері өзгертілмеген белбеуге Генаның бейнесі мен Қазақстанның Көк Туы енгізілді.

«WBC» белбеуі – екінің біріне, егіздің сыңарының маңдайына бұйырмаған мәртебе. Оны, тек, бокс тарихындағы ең үздік боксшылар ғана иеленген. Бұл белбеуді иемденгендердің арасында аты аңызға айналған Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Леннокс Льюис, Рэй Леонард, Роберто Дюран, Хулио Сезар Чавес, Ларри Холмс, Виталий Кличко, Марвин Хаглер, Томми Хернс, Оскар де Ла Хойя, Флойд Мэйвезер сынды былғары қолғап шеберлері бар.

Нұрдос КӘРІМ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.